Алматы облысында болған жол апатынан 9 адам көз жұмды
Алматы облысында 9 адамның өмірін қиған апаттың видеосы жария етілді. Таспаны куәгерлер түсірген. Ал оқиғаның өзі өткен аптада болғанын айта кетейік. 10 бала мінгесіп отырып алған жеңіл машина Талғар – Кеңдала тас жолында жүк көлігімен бетпе-бет соғылған.
Автор: Олжас Байжан
03.08.2015
Талғардан футбол ойнап, үйлеріне қайтып келе жатқан 10 бала бір көлікке тиеліп алған екен. Мұнымен қоймай, қарсы бағытпен жүйткіпті. Сөйтіп, жүк көлігімен бетпе-бет соғылған. Mitsubishi Lancer-дің жүргізушісі мен 8 жолаушысы сол жерде тіл тартпай кетті. Тағы бір жігіт пен жүк көлігіндегі 2 адам жараланған. Жас жігіттер полициядан қашқан екен деген ақпаратты тәртіп сақшыларының өзі жоққа шығарды. Дегенмен тергеу жүріп жатыр. Ал ажалдан аман қалғандардың алды бүгін үйлеріне қайтарылды.
Бекзат Бейсенов, дәрігер-травмотолог:
- 2 ер адам жеткізілді: 1992 және 1997 жылғы. Түскен кезде жағдайлары ауыр болды. Біреуінің жарақаты бас-ми шайқалу бар, сан суырғыш сынығы, сонымен қоса ұршық буынының шығуы, түскен кезде жедел түрде буынды орнына салып бердік. Емін қабылдады, бүгін үйге шығып жатыр. Жағдайы бірқалыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!