Астанада автобус иелері ақшасын қайтаруды сұраған жолаушыларды тепкілеп тастады
Астана базарында тағы да қырғын төбелес! Автобус жүргізушісі жол жүруден бас тартқан жолаушылардың бірін оңдырмай тепкілеп, екіншісін пышақтап тастады. Жаппай жаға жыртысу бұл жолы «Шанхай» базарында болған. «Астана-Шымкент» бағытымен жолға жиналған жігіттер кенеттен ауылға қайтпайтын болып, төлеп қойған 7 мың теңгесін кері қайыруды талап етіпті. Қаны басына шапқан автобус жүргізушісі қалтаға түскен қаржыны қайтарғысы келмесе керек.
Автор: Аруна Ортай
03.08.2015
Базар ішінде пышақ ала жүгірген бұл баскесер емес, кәдімгі автобус жүргізушісі. Жолаушыларын алдына салып таяққа жығып жүр. Біреуі ауыр соққыдан есінен таңып құласа, ал енді біреуі ұнның артына қашып барып тығылған. Бірақ, үйілген қаптар жігітті құтқармады. Соңынан қуған күйі жүргізуші жынына тиген жолаушыны пышақтап тастады.
Қып-қызыл қырғын жолақысынан басталған. Ауылға қайтудан айнып қалған шымкенттік қос жігіт автобус жүргізушісінен ақшаларын кері қайыруды сұрапты. Онысы бар-жоғы 7 мың теңге.
Бірақ, жерлестер өзара келісе алмапты. Жүргізуші ақшаны қайтармақ түгілі, қайта серіктестерімен қосылып жолаушыларды жағадан алған. Араша түсер жан табылмай, ақыры ерегіс қырғын төбелеске жалғасқан.
Жолаушыға пышақ сұққан жүргізуші сол күйі жолақысын қайырмай, Астанадан Шымкентке қарай қалған адамды алып қайтқан. Ал базар маңында қаптап тұрған оның серіктестері бір кісідей болған жайтты жасыруға қалуға тырысты.
- Не төбелес болған сонда? Ой автобус көп қой нөмірі «899» деген. Е, 28 автобус бар ғой мұндай нөмірмен.
- 899 деген ба?
- Ия! 737 деген 20 автобус бар. Ана шетте көп, ана шетке өтсеңізші.
-Ана жақта болдық біз жаңа ғана. Просто видеоны қарасаң, тура осы жер!
- Қане, видео, көрсетсеңіздерші. Бұл жерде ешкім төбелескен жоқ!
Бірақ автобус жүргізушілерінің өтірігі сол арада ашылып қалды. Төбелес болған. Куәгерлер тіпті тәртіп сақшыларын да шақыртыпты.
Аягөз Сәтенова, оқиға куәгері:
- Ия, дәл осы жерде. Жолаушы ақшасын талап еткен кетпеймін деп. Мына жерде бермейміз деп у-шу шығарған. Жолаушының біреуін ұрған, біреуін пышақтаған. Солай, бізде бәрі быт-шыт!
- Ал автобус ше, әрі қарай жүре берді ма сонда?
- Ия, әрине, бұл жерде бәрін ақша шешеді ғой. Билік жоқ қой біздің Астанада. Қане билік? Билік болса мына жерде тұра ма? Мүлде заңсыз тұрғаны.
Сөйтсе, «Шанхай» базары маңында тұрған бұл қалааралық бағыттағы автобустардың бірде-бірі заңды емес екен. Сондықтан жүргізушілер өз билігін жүргізген. Десе де, оңбай таяқ жеген жолаушылар өздерін өлтіре жаздаған жүргізушіні сотқа берген. Іспен қазір полиция айналысып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!