Елордада көптен күткен матчқа жанкүйерлер билет таппай сенделіп жүр
Бір жарым сағаттай уақыттан кейін Елордада көптен күткен матч басталады. «Астана» футбол командасы УЕФА чемпиондар лигасы аясында кипрлік АПОЭЛ-ді қабылдайды. Айтулы ойынға орай 30 мың билет толығымен өтіп, жанкүйерлердің біразы билет таппай сенделіп жүр. Өйткені қаптаған делдалдар орындарды ертерек сатып алып, оны 5 есе қымбатқа саудалап жатыр екен. Қазір «Астана-Арена» стадионына Ұлттық ұланның 2 мыңға жуық сарбазы тартылып қауіпсіздікті бақылап тұр. Ал ойынды асыға күткен жанкүйерлер алаңға автобуспен жеткізілмекші.
Автор: Досжан Маратұлы
18.08.2015
Бұл «Астана-Арена» стадионындағы соңғы дайындықтар. Алаңға УЕФА чемпиондар лигасының символы шығарылып, ойыншылар маңызды матч алдында доп теуіп қалды.
«Астананың» қарсыласы осал емес. Өз елінде 24 мәрте чемпион атанып, 21 рет кубокты еншілеген. Десе де бап шаба ма, бақ шаба ма, оны ойын көрсетер. Әрі елордалық команданың дайындығы жоғары.
Георгий Жуков, «Астана» командасының жартылай қорғаушысы:
- Біз барымызды салып ойнаймыз. Қайтсекте чемпиондар лигасына кіруіміз керек. Егер жеңсек, ел тарихындағы үздік команда боламыз. Міне осы ой маза бермей тұр.
Артынан елордалық футболшылар сәл де болса тынығып алу үшін жатын бөлмелеріне кетті. Барлығы алдағы ойында үлкен жауапкершілік жүктелгенін біледі. Осындай тарихи ойынға 30 мың билет бірнеше күнде ғана түгел сатылып кеткен.
«Астана» - «АПОЭЛ» ойынын асыға күткен футбол сүйер қауымның біразы стадионға кіре алмай қалуы мүмкін. Өйткені алыпсатарлардың кесірінен міне кешеден бері билет жоқ. Десе де жанкүйерлер касса маңайын торауылдап әлі жүр.
Тіпті жұрттың ойынды көруге құмартып, ал делдалдың ақшаға құныққаны сонша, камераны да елемей көз алдымызда ашық саудаласуға кірісіп кетті.
-10 тысяч? –Иә, мен үстінен қосып тұрғаным жоқ. Өз бағасы. Камераға түсірмей тұра тұрсай, бауырым.
Алдында бір адам келіп 200 билет, біреуі келіп 100 билет алып кетті алыпсатарлар. Дұрыс емес бәрі өздерімен өздері ақша жасап отыр. Жанкүйерлерге мүмкіндік бермей.
Полицейлер бүгін осындай делдалдың бірін ұстап, қолындағы қаптаған билетті қайтадан кассаға қайтарып берді. Айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Дәл қазір ойынға аз уақыт қалғандықтан, бірнеше көше уақытша жабылып, көрермендерді алаңға жеткізбекші. Ал матч барысында қауіпсіздікті Ұлттық ұланның 2 мыңға жуық сарбазы қадағалайтын болады. Егер елордалық футболшылар осы ойында және тура бір аптадан кейін Кипрде өтетін кезекті мачтың қорытындысы бойынша жеңіп шықса, әлемнің «Барселона», «Реал» секілді үздік клубтары қазақ жеріне аяқ басуы ғажап емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!