Жамбыл облысында тағы бір адам қырым қанды безгегінен көз жұмды
Жамбыл облысында тағы бір азамат Конго-Қырым қанды безгегінен көз жұмды. Дәрігерлер бақилық болған 39 жастағы Тараз қаласы тұрғынына осындай диагноз қойғанымен, марқұмның жақындары оған сенетін емес. Айтуларынша, өз ісіне салғырт қараған ақхалаттылар Қалмұханбет Қалқабаевтың ауруын анықтай алмай, асқындырып жіберген. Енді қара жамылған отбасы жауаптыларды сотқа сүйремек.
Автор: Руслан Әбдіхалық
18.08.2015
Еңіреп етегі жасқа толған келіншек бір-ақ күнде атпалдай азаматынан айырылып қалды. Оның айтуынша, күйеуінің кенеттен дене қызуы көтеріліп, мазасы қашқан. Қайта-қайта жедел-жәрдем шақыртып, ақыры ауруханаға жатқызыпты. Алайда, ақхалаттылар аузы-мұрнынан қан кетіп, қал үстінде жатқан науқасқа үш күн бойы диагноз қоя алмады деп отыр. Енді етек-жеңін жиған соң, ісіне салғырт қараған дәрігерлерді жауапқа тартқызбақ.
Құрмангүл Қалқабаева, Қ.Қалқабаевтың жеңгесі:
- Өздері қолмен өлтіріп отыр. Біз әлі есімізді жия алмай жатырмыз, есімізді жиған соң осы туған-туыстары барып, ол дәрігерлерді сотқа береміз.
Дәрігерлер Қалмұханбет Конго-Қырым қанды безгегінен көз жұмғанын анықтапты.Тіпті қайтыс болған жігітке, кесел мал буыздаған кезде жұғуы мүмкін деп топшылайды. Қазір қаза тапқан 39 жастағы азаматпен қарым-қатынаста болғандардың бәрі тексерілуде. Әзірге олардан вирустың белгілері табылған жоқ.
Гүлмайра Момбекова, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
- Дер кезінде қызмет көрсетілді. Бірінші қалалық ауруханасында да, облыстық жұқпалы инвекциялар ауруханасында да, дер кезінде көмек көрсетілді.Бірақ, кешіккеніне байланысты біздің еміміз іске аспады.
Жамбыл облысының үш ауданы қауіпті вирус өршіген аймаққа кірсе, оған енді Тараз қаласы қосылуы мүмкін. Қазір тәртіп сақшылары, сойылған малдың қайдан келгенін анықтауда. Айта кетейік, осымен Әулиеата өңірінде қырым- қанды безгегінен екінші адам көз жұмды. Маусым айында Жамбыл ауданының 44 жастағы тұрғыны осы кеселден ажал құшқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!