Алматылық туристік фирма 30-дан аса студентті тақырға отырғызды
Алматыда тағы бір туристік фирмаға қатысты дау шықты. Бұл жолы олар 30-дан астам студентті тақырға отырғызған. Тіл үйрену үшін Қытайға сапар шекпек болған олар осыдан бірнеше ай бұрын билет сатып алған екен. Алайда жолға шығар сәт тақалғанда 32 жолаушының билеті жарамсыз болып шыққан. Олар енді жолдан қалғаны былай тұрсын, 4 миллион теңгеге жуық қаражатын қайтара алмай жүр.
Автор: Ербол Тұрымбет
19.08.2015
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған мына студенттер таңнан бері Бостандық аудандық ішкі істер бөлімінің есігін торуылдап жүр. Тіл үйрену үшін Қытайға ұшамыз деген армандары аяқ астынан орындалмайын деп тұр. Олардың әрқайсысы «Эмирал турс» компаниясына берген 75 мың теңгесін қайтара алмай әлек.
Жанболат Қомашев:
- Біз билет алғанбыз, 106 бала билет алдық сол турфирмадан. Бірақ оның ішінде 32-сі өтірік билет болып шықты. Қалғандары нормально. 03:15 Бағана бардық, шу көтердік, айғай-шу болды. Ол жерде турфирма басшысы айтып жатыр, не істесеңдер де оны істеңдер. Бірақ, бізге бәрібір деп жатыр.
Алданғанын білген жолаушылар билет тауып беруін талап етіп, турфирма басшысына барса, білгендеріңді істеңдер, маған бәрібір дегендей сыңай танытыпты. Мына кадрларда жайбарақат отырған кәсіпкер әйел ештеңеден сасар емес.
- Да, я мошенница!
-А где билеты тогда?
-Билеты вам выданы! Не надо на меня давить, понятно.
Сөйтсе, бұл кәсіпкерге алданған жалғыз студенттер емес екен. Мына әйел де Түркияда бір түрік жігітке күйеуге шыққан туыс қызының тойына бара алмай қалыпты. Олар да билеті дайын емес екендігін әуежайға барғанда бір-ақ білген.
Әлфия Тілеубердинова:
- Әуежайға келсем, ондағылар сіз тізімде жоқсыз, сіздің атыңызға тіркелген ешқандай билет жоқ дейді. Амал жоқ, Түркияда ұзатылған туыс қызымыздың тойына бара алмай қалдық. Тіпті, жолы түсіп сол жақа кетіп қалған он адамымыз бері қайта алмай отыр. Араларында кішкентай балалар да бар.
Студенттерді сан соқтырған турфирма басшысы қазір полиция бөлімшесінде отыр. Құқық қорғау органының қызметкерлері оны тергеп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары енді басталғандықтан, полицейлер әзірге ешқандай ақпарат бермей отыр. Ал ақшасын даулаған жастар қаражатымызды қайтармай тынбаймыз дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!