Семейде автобус жүргізушілері дұрыс жөнделмеген жолмен жүруден бас тартуда
Семейде қоғамдық көлік жүргізушілері ауыл-аймаққа апаратын ой-шұңқыры көп жолмен жүруден бас тартуда. Себебі әбден тозған жолмен жүріп, автобустарының алқа-салқасы шыққан көрінеді. Енді тұрғындардың күре жолға дейінгі бірнеше шақырым қашықтықты жаяу жүріп, діңкелері құруда. Түйткілді шешуде жергілікті биліктен де қайыр болмайтын сыңайлы.
Автор: Ұлан Нұрахмет
20.08.2015
Жырым-жырым жол талай жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген. Сондықтан жаңбыр жауса батпаққа айналып, күн ысығанда шаңы аспанға көтеріледі. Соның кесірінен қоғамдық көлік иелері жол толық жөнделмейінше адам тасымалдамаймыз деп отыр. Себебі,ай сайынғы тапқан таянғандары сынған көлік бөлшектерін сатып алудан ары аспайды екен.
Александр Чупрына, көлік жүргізушісі:
- Көліктің барлық қозғалтқыш бөлшектері зақымдалады. Жолдың сапасы мынау. Бітегендерімен жаңбыр жауса қайтадан шұңқыр болып шыға келеді.
Тіпті, жолдың нашарлығынан түңгі мезгілде жедел жәрдем көліктері де шақыртуға келмейтін болған. Бұл жұрттың шымбайына одан бетер тиді.
Гүлсімхан Мақұлбекова, Восход кентінің тұрғыны:
- Жолдың бәрін былтыр жасадық дейді. Құмды төккен. Оның бәрін жел ұшырып әкетеді. Енді сухой асфальт жайып берсін.
Биыл қала қазынасынан бөлінген қаражат Семейдің басты деген 17 көшесінің шұрық тесігін бітеуге жеткен. Алайда оның қатарына Восход кентіне апартын жол енбеген.
Жанна Шаймұратова Семей қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Бұл жол күрделі жөндеуден өтпейді. Оны толық жөндеу үшін қалалық қазынада қаражат жоқ. Сондықтан ол жақты жөндеу жұмыстары қарастырылмаған.
Коммуналшылар тұрғындарды қоғамдық автобуссыз қалдырмаймыз деп уәде беріп отыр. Тіпті, демеуші тауып, шама шарқы жеткенше тозығы жеткен жолды да тегістемекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!