Алатау бөктерін тазалайтын жұмысшылар демалушылардың дөрекілігіне қапалы
Қоқыс жинаушылардың еңбегі құрметтелмей тұр. Таңертеңнен қара кешке дейін Алатаудың бөктерлерін тазалайтын жұмысшылар ар-намыстарының аяқасты етіліп жатқанын айтып шағымдануда. Табиғат аясына барып демалатындар онда тағам қалдықтарын қалай болса солай тастайтыны былай тұрсын, ескерту айтқан орманшылардың өзін түгін қалдырмай сыбап жібереді екен. Онымен қоймай, тұрғындар тауда түнімен әдепсіз қылықтарға баратын көрінеді.
Автор: Аруна Ортай
21.08.2015
Көлеңкеде көңіл көтерген бұл топ өткен түннен бері тауда жүр. Кәуәптың түр-түрін пісіріп, қоқысты да аямай тастаған.
Таңертеңгісін ғана тауды тазалап шыққан жұмысшылар мына көріністі көріп таң қалып тұр. Тек оларды мән беріп тыңдаған жан табылмады. Қайта, тынышымды бұздың деп қоқыс жинаушының түгін қалдырмай балағаттап тастады.
Райхан Мұхамеджанова, орманшы:
- Өте дөрекі жаман сөздер естиміз. Ұятсыз сөздер айтады, оларға бәрі положено сияқты. Шашып жатыр ,әне, өздеріңіз де көріп отсыздар. Міне, бутылкаларын судың ішіне салып қойған. Сөйтіп осылай тастайды да кете береді. Бізде айтып жатырмын ғой бар-жоғы 12 инспектор и 4 қоқыс жинайтын адам. Үлгермейді практически.
Сөйтсек, таудағы тазалықшылардың көретіні тек бұл емес екен. Демалушылардың дөрекі сөйлегені былай тұрсын, тауда түнімен әдепсіздік жасап, «қоқыстың көкесі» сонда табылады екен.
- Жиіркенішті ғой, мынаны қалай енді біз жинаймыз? Не айтамыз енді оларға, айуан ба, немене? Енді қалай бұл? Не айтуға болады? Осындай істеген. – Күнде табасыз ба бұндай?- Күнде, күнделікті осылай.
Тау толы, міне, мынадай тұтынған презерватив. Тағам қалдықтарымен бірге әр талдың түбінде шашылып жатыр.
Осылайша, Алматы таулары тек қана қоқыс ордасына ғана емес, тоят табатын тегін төсекке де айналған. Ләззәт іздеген жастар тауға көбіне түнде үйір келеді екен. Олардан қалған жиіркенішті қалдықтарды жинаудан әбден жалыққан тазалықшылар енді бұдан былай табиғатқа тіпті бейнебақылау камераларын орнатуды талап етіп отыр.
Сорақысы сол, тұрғындардың бәрін бірдей тәртіпке келтіру мұнда тіпті мүмкін де емес. Қолма-қол ұсталмаған соң, көбі жазадан сытылып жатады екен. Тек ілуде біреу ғана ұсталып, шашқан қоқысын жинап кетеді.
Ақылжан Шектібаев:
- Ластағаным үшін кешірім сұраймын. Достарымызбен біз үлкен қателік жасадық, бір жолға кешіріңіздер енді.
Тұрғындардан қалған түрлі қалдықты тазалап, мұрнынан шаншылған орманшылар тәртіпті күшейтуді сұрап отыр. Тым болмаса, шектен шыққандарды суретке түсіртіп, түрлерін жария қылсақ дейді. Сонда тау да тазарып, қоқыс жинаушыларға тіл тигізушілер де тыйылар ма еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!