Ақша жымқырды деп айыпталған лауазымды полицей ақталып шықты
Миллиондаған ақшаны жымқырды деп айыпталған Жамбыл облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Жүнісбеков пен екі кәсіпкер кінәсіз деп танылды. Ал ішкі істер департаментінің қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығына жаңа айып тағылып, жеке өзіне сот процесі қайта өтетін болды.
21.08.2015
Екі жоғары лауазымды полицей мен екі бизнесмен қала көшелеріне орнатылған 50 камераға қазынадан бөлінген 200 миллион теңгенің 80 миллионын түрлі құйтырқылықпен қалтаға басты деп айыпталған еді. Жеме-жемге келгенде прокурорлар таққан айыптан бас тартып, судья Жүнісбеков пен екі кәсіпкерге кінәсіз деген шешім шығарды. Сөйтіп, үшеуі де сот залынан босап шықты. Ал департаменттің қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Әнуар Арғынбаевқа жаңа айып тағылып, тек өзіне сот процесі қайта жүргізілмек. Ақталып шыққандардың негізсіз жала жауып, бүкіл елдің алдында масқаралағандары үшін құзырлы орындардан моральдық шығын өндіруге мүмкіндігі бар. Бірақ олар сотқа арыз түсіре ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Өздері тілшілермен тілдесуге құлықсыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!