Жаңа жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы өсетін болды
Тамыз кеңесінен тамсанып қайтты. Қамкөңіл отырған жұрт теңгенің құлдырауынан шоши бастағанда, ұстаздар қауымы тосын жаңалық естіп, көңілдері орнына түсті. Жаңа жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 27 пайызға артпақ. Әрине, бұл жерде олардың біліктілігі ескеріледі. Алматыда өткен биылғы тамыз кеңесінде білім саласының біраз олқы тұстары да айтылды. Әсіресе, жекеменшік оқу орындарында сапасыз әрі қажетсіз мамандарды даярлау тым көбейіп кеткен.
Автор: Ербол Тұрымбет
21.08.2015
Оқу жылы таяғанда ұстаздар қауымының бас құрайтын дәстүрлі тамыз кеңесі теңгенің құлдырау сәтімен тұспа-тұс келе қалды. Бірақ шенділердің бұл жиынға дайындап келген тосын сыйы бар екен. Ән мен би біткен соң жиналғандар ресми жиынға көшті. Астанадан арнайы келген Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев мұғалімдерге қуанышты жаңалық жеткізді.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- 2017 жылдан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілуі тиіс болатын. Алайда теңгенің құнсыздануына байланысты Президент Үкіметке келер жылдан бастап көтеруге тапсырма берді. Мұғалімдердің біліктілігіне байланысты, жалақы шамамен 27 пайызға көбейетін болады.
Дегенмен, білім министірлігіне бас ауру болатын мәселе де жетерлік екен. Айталық, бір Алматының өзінде 28 жоғарғы оқу орны экономика мамандарын оқытып шығарады екен. Тағы 27-сі қаржыгерлерді, 17-сі заңгерлерді дайындайды. Біздің еліміз үшін бұл тым көп. Білім саласындағы кемшін тұстарға келгенде Алматының жаңа әкімі де тосылып қалған жоқ. Айтуынша, бүгінде қалада 17 мың бүлдіршін балабақша кезегін күтіп жүр.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
- Биыл білім саласына 54,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық көрсеткіш. Оның ішінде, оқулықтар мен басқа да оқу құралдарына 2 миллиард теңгедей қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, маған барлық мектептердің оқулықтармен түгел қамтылғанын жеткізді.
Жиын соңы жылышырайлы сәтпен аяқталды. Былтыр жыл бойы жақсы көрсеткіштерімен көзге түскен білім ошақтары арнайы дипломдармен марапатталды. Ал, Мұқағали Мақатаев атындағы №10 мектеп 17 миллион теңгенің сертефикатына ие болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!