Доллармен сатылатын тұрғын үйдің құны 20-30 пайызға арзандауы мүмкін
Теңгенің соңынан тұрғын үй бағасы да құлдырауы мүмкін. Сарапшылар «ұлттық валюта еркін айналымға ауысқандықтан, баспана арзандайды» деген болжам жасауда. Әсіресе, доллармен сатылатын пәтерлердің құны кем дегенде 20-30 пайызға түседі екен. Өйткені, сатушылар баспананы бұған дейінгі бағамен өткізе алмайды. Яғни жұрттың сатып алу қабілеті күрт төмендейді екен.
Автор: Жәудір Оразхан
21.08.2015
Доллар шарықтаған күннен бастап жылжымайтын мүлік нарығында өлі тыныштық орнады, - дейді сарапшылар. Сатушылар қазір әліптің артын бағып отыр. АҚШ ақшасы шарықтау шегіне жетіп, тұрақтамайынша сауда-саттық бір қалыпқа түспейді. Ал, қарапайым жұрттың жағдайы бұдан да ауыр. Әсіресе, үйді доллармен несиеге алғандар үшін қиын болмақ.Теңге құнсызданған соң тұтынушының сатып алу қабілеті де төмендейді. Сондықтан сатушылар баспананы бұған дейінгі бағамен өткізе алмайды да, амалсыз арзандатады.
Денис Кривошеев, сарапшы:
- Енді бұдан кейін үйдің бағасы қымбаттамайды. Жылжымайтын мүлік, мейлі ол жер телімі болсын, жалпы баспана құны тек арзандайды. Барлық салада жалақы, қызмет көрсету бағасы да түседі.
Өткен айдағы статистикаға сүйенсек, республика бойынша жаңадан салынған үйдің шаршы метрі орташа есеппен 222 мың теңге болыпты. Мамандардың айтуынша, енді баспана құны кем дегенде 20-30 пайызға арзандауы мүмкін.
Нина Лукьяненко, Қазақстан риэлторлар қауымдастығының вице-президенті:
- Өкінішке қарай, қалтасында ақшасы бар адамдар ұлттық валютаға сенбейді. Нарықта доллар тұрақты валюта болып саналады. Сондықтан Үкіметтегілердің айтқаны бойынша жылжымайтын мүлік нарығындағы сауда-саттықты жаппай теңгеге ауыстыру мүмкін емес.
Қазақстанға құрылыс материалының 25 пайызы шет елдерден келеді екен. Доллар қымбаттаған соң импорттық тауарлардың да бағасы көтеріледі де, құрылыстың өзіндік құны 7 пайызға өседі. Бірақ бұның пәтер бағасына қаншалықты әсер ететінін компания басшылары шешеді екен.
Осылайша, сарапшылардың басым бөлігі теңгемен бірге тұрғын үй нарығы да құлдырайды деп шырылдап отыр. Тіпті доллардың шарықтауын қаржы ғана емес, жылжымайтын мүлік нарығы үшін де «қаралы күнге» теңегендер бар. Шынында да кешелі бері бұл саладағы тіршілік тоқтады. Құрылыс компаниялары күзге дейін күтпек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!