Дәрігер болуды армандаған жамбылдық 116 студент оқудан шығарылмақ
Дәрігер болуды армандаған жамбылдық жастар ауылға дипломсыз қайтпақ. Алматыға білім қуып келген олар ертеңнен бастап оқудан шығарылуы тиіс. Асфендияров атындағы Медицина университетінің 116 студенті Жамбыл облысының бюджетінен бөлінген қаржы бойынша тегін білім алып келген еді. Ал кейін гранттың заңсыз екені анықталып, студенттер не істерлерін білмей қалды. Бүгін солардың бір тобы ата-аналарымен бірге университетке барып, алдағы жағдайларының қалай болатынын білуге тырысты. Бірақ мұндағылар да оқу ақысын даулаған топты қуанта қоймады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
24.08.2015
1 жылға созылған дау әлі шешімін табар емес. Бастапқыдағы үшжақты келісім бойынша оқу ақысын облыс әкімдігі төлемек болған. Бірақ бұл көмек кезінде Жамбыл облысындағы маман тапшылығын жоямын деген ниетпен осындай ұйғарым жасаған Қанат Бозымбаев басқа аймаққа басшы болып кетісімен мүлдем тоқтап қалыпты. Содан бері жамбылдықтардың қақпаған есігі жоқ. Бүгін барған медицина университетінің басшылығы да жағымды жаңалықпен қуанта қоймады.
Гүлжамал Ыбыраева, Жамбыл облысының тұрғыны:
- Жиналыста сол оқушылардың осы уақытқа дейін төлемеген ақшасы егер төленбесе ертеңнен бастап отчислениеге кетеді деді.
Енді, әрі қарай білім аламын деген түлек өткен оқу жылы үшін 400 мың теңге төлеуге міндетті. Бұған қоса, әр жыл сайын 800 мың теңге оқу ақысын да өздері төлейді. Бірақ әкімдік грантымен білім алып келгендердің бәрі тұрмысы төмен отбасыдан шыққандар.
Әсима Байназова, Жамбыл облысының тұрғыны:
- Білмеймін мен 800 мың тұрмақ, 80 мың теңге төлей алмаймын. Мен жұмыс істемеймін.Балалардың уақытын алды, балалардың өміріне, тағдырына балта шапты, былай айтқанда балаларды жолға келгенде тастады бұлар.
Ал егер тиісті ақшаны төлемесе, ертеңнен бастап оқудан шығарылмақ. Дәрігер болсам деген 116 түлектің арманы осылайша атқамінерлердің кесірінен көкке ұшқалы отыр.
О баста мектеп түлектеріне үміт сыйлап, тегін оқытамыз деген әкімдік өкілдері енді тілшілерге де түсініктеме беруден бас тартты. Жақын арада мәселеге қатысты кезекті сот отырысы өтпек. Ал бірінші сот отырысында жамбылдық жастарға шкенеуніктер бөлген гранттың заңсыз екені анықталған. Бір анығы, облыс бюджетінде жыл сайын әр студентке 800 мың теңге төлейтіндей қаржы да жоқ екен.
Ал медицина университетінің басшылығы күтуге қауқарсыз. Дәрігер болуды армандаған студенттер енді жаңа оқу жылы басталар тұста оқудан шығарылмақ. Шенеуніктерден қайыр болмай, әбден үміті үзілгендер соттан шағымдарын қайтып алып жатыр. Ал оқу ақысын даулаған 116 шәкірттің отызға жуығы ойымыздағыны орындатпай қоймаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!