Елімізде азық-түлік қымбаттап, қант тіпті дүкендерде жоқ
Еліміздің бірнеше өңірінде азық-түліктің бағасы көтеріле бастады. Әсіресе халық көп тұтынатын тауарлардың құны рекордтық көрсеткішпен өсуде. Қымбатшылық, әсіресе, Петропавл, Қостанай және Тараз қалаларында қатты сезіліп жатыр. Оның үстіне кейбір азық түрлері тіпті дүкендерде жоқ. Әр аймақта бағаны тұрақтандыру үшін арнайы штаб құрылғанымен, кәсіпкерлер әкімшіліктің әміріне көнетін емес.
Автор: Руслан Әбдіхалық
25.08.2015
Петропавлда дүкен сөрелерінен үш күн бойы жоғалып кеткен қант тек бүгін ғана пайда болды. Бірақ бағасы аспандап, тұрғындардың қалтасына салмақ салуда. Келісі 160 теңгеден сатылған шекер 200 теңгеге шарықтап кеткен. Сұйық май мен ет құнының көтерілуі де тұрғындардың ызасын туғызуда.
Лидия Николаева, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Ірімшік 650 теңге еді, 250 ге жетті. Егер бес он теңге қосылса мейлі ғой, 250 теңгеге бірақ өсіріпті. Бұл масқара емес пе?
Қостанайда да азық-түліктің бағасы мың құбылып тұр. Рессейден тасымалданатын өнім 5-10 теңгеге көтерілсе, импорттық тауар құны 20 пайызға шарықтаған. Бұл жағдай жұртқа қатты сезіліп жатқан жоқ. Себебі әзірге қордағы тауар саудаға шығуда. Енді жаңа өнім түскенде қымбатшылық болуы бек мүмкін. Бірақ бұл дүрбелеңді шенеуніктер байқамайтын тәрізді.
Орал Нұрғазин, Қостанай облыстық ауыл шарушалағы басқармасы басшысының орынбасары:
- Тұрғындарға даурығатын негіз жоқ. Себебі бағаны тұрақты ұстап отырмыз. Күн сайын мониторинг жүргіземіз.
Жамбыл облысының жұрты енді қантпен мүлдеп қош айтысуы ықтимал. Аймақтағы көтерме сауда орындарында қант атымен жоқ. Кей жерлерде болған күннің өзінде құны тым қымбат. Бұған дейін 3500 теңгеге сатылған бір қап шекер, 4500 ге бірақ жетті. Қырғызстаннан арнайы тауар алуға келген Мира Сарпиева, еліне құр қол қайтып барады.
Мира Сарпиева, Қырғызстан азаматы:
- Базардан шекер іздеп жүргем, жоқ екен еш жерден таба алмай жатырмын. Ана жақтағы оптовый жерден де шекер таппадым. Жоқ деп ешкім сатпады маған.
Саудагерлер Тараздағы қант зауыты жұмысын тоқтатты деген уәж айтуда. Сол себепті делдал фирмалар тауар жеткізбей жатса керек. Алайда, шекер шығаратын өндіріс басшылығы өнім тапшы деген бекер деп отыр. Әр өңірде, бағаны бақылау үшін арнайы штаб құрылған. Бірақ, әзірге оның жұртқа пайдасы шамалы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!