{metadescription}
«Астана» тұңғыш рет чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтті
«Астана» тұңғыш рет чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтті

«Астана» тұңғыш рет чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтті

Күллі ел қазір «Астана» футбол командасының жеңісін тойлап жатыр. Өйткені елордалық команда Кипрлік «АПОЭЛ-мен» қарымта матчта тең ойнап, чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтті. Есеп 1:1. Бұл тарихи сәт. Өйткені қазақ баласы доп тепкелі мұндай жетістікке қол жеткізіп көрген емес. Осыған қуанған жанкүйерлер түні бойы ұрандатып, ән айтып, Елорданы шулатты. Тіпті олардың қатарында қала әкімі Әділбек Жақсыбеков те бар. Ал таңертең елге оралған команданы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтап, алдағы ойындарда сәттілік тіледі.

Маңызды матч алдында әдеттегідей УЕФА чемпиондар лигасының әнұраны орындалып, символы шығарылды. Артынан көп күттірмей «Астана» мен «АПОЭЛ» арасындағы қарымта ойын басталып кетті. Бірінші кезеңде екі команда да бір-біріне қауіпті шабуыл жасаумен ғана болды. Бірақ қақпаға сан мәрте соққы бағытталғанымен, есеп біразға дейін ашылмай қойды.

Ал осы уақытта еліміздің жанкүйерлері ойынды Астанадағы үлкен экраннан тамашалап тұрды. Матчты өз көзімен көрмесе де, сүйікті командасына қолдау білдіру үшін осында жиналған. Арасында қала әкімі Әділбек Жақсыбеков пен Олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров та болды.

Жанкүйерлер осылай жанұшыра айқайлап тұрғанда, екінші кезең де басталып кетті. Бірден шабуылға көшкен алаң иелері кездесудің 60-шы минутында бірінші добын салып есеп ашты. Бірақ бұл ойыншыларымыздың еңсесін түсірген жоқ. Көп ұзамай, таразы басын теңестіріп үлгерді. Бауыржан Жолшиевтың пасын сәтті пайдаланған Неманья Максимович ойын соңында тарихи голды салды.

Есеп бір де бір болғанымен, астаналық команданың ұпайы басым еді. Сондықтан Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алып, миллиондаған жанкүйерлеріне жеңіс сыйлады. Бұл ел тарихында болып көрмеген жәйт. Сол себепті ойыншылардың қуаныштарында шек жоқ.

Жат жерде қарсыласын жерге қаратқан «Астана» командасы таңертең Елордаға оралды. Ұшақтан түскен бойда барлығына құрмет көрсетіліп, бірден Әділбек Жақсыбековтың қабылдауына кетті. Абыроймен оралған командаға әкім кубок табыстап, алдағы ойындарда сәттілік тіледі.

Таңат Нөсербаев, «Астана» футбол командасының капитаны:

- Биыл қазақ хандығының 550 жылдығы болайын деп жатыр. Соған тұспа-тұс келді. Соған біздің команданың атынан сыйлығымыз.

Осылайша «Астана» командасы қазақ футболының тарихында ең үлкен жеңіске қол жеткізіп отыр. Енді топтық кезеңге өткен кіл мықтылардың арасында Реал, Барселона секілді әлемнің үздік клубтары елордалық команданың келесі қарсыласы атанып, мына стадионға аяқ басуы ғажап емес. Десе де, қазір екі сағаттай уақыттан кейін Швейцарияның Ньон қаласында өтетін жеребе тарту рәсімі «Астана» командасының алда кіммен ойнайтынын анықтап береді. Ал оған дейін ойыншылар тынығып алу үшін бір аптадай демалыс алды. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде