Ең қысқа каникулдан кейін Парламент депутаттары қызметке қайта кірісті
Бүгін депутаттар жұмыс орындарына оралды. Бұл Парламент тарихындағы ең қысқа каникул болғанын айта кетейік. Өйткені, халық қалаулылары жылдағыдай жаз бойы емес, биыл алғаш рет айдан астам уақыт ғана демалды. Бірақ, осы аралықта ауыл-аймақты аралап, бірі тіпті теңіз жағалап шетелдерге қыдырып та үлгеріпті. Демалып келген депутаттарды енді 60 заң жобасы күтіп тұр. Мәжіліс пен Сенат бұл құжаттарды жаңа жылға дейін түгел қабылдап үлгері тиіс.
Автор: Жәудір Оразхан
01.09.2015
1-ші қыркүйек мектеп оқушыларына ғана емес халық қалаулылары үшін де мереке. Жазғы каникулға кеткен депутаттар дәл осы күні жұмысқа шығады. Сондықтан бүгін парламенттегі қыз-келіншектер ерекше құлпырып жүр. Бастарында ақ бантик жоқ демесеңіз, қызыл-жасыл костюмдерін киіп, барынша сәнденіп келген. Жігіттердің де жақсы демалғаны көрініп тұр. Бірін-бірі қатты сағынып қалған депутаттар құшақтасып қауышуда.
Ал, бұрынғы Жоғары сот кеңесінің төрағасы Рашид Түсіпбеков сенатор, Қанат Саудабаев болса мәжілісмен ретінде бүгін Парламентке алғаш рет келіп отыр. Жалпы, жаңа сессияны жылда Нұрсұлтан Назарбаев ашатын. Елбасы қазір Қытайда іссапармен жүргендіктен биыл келмеді. Бірлескен отырысқа президент әкімшілігіндегілер, мемлекеттік органдардың басшылары мен премьер Кәрім Мәсімов қарамағындағылардың бірін қалдырмай ерте келіпті.
Қабиболла Жақыпов, Мәжіліс төрағасы:
- Бүгін Парламенттің 5-сессиясының 5-шақырылымы өз жұмысын бастады. Каникул кезінде жақсылап демалып, аймақтармен кездесіп те қайтқан боларсыздар. Ал енді қазір алдымызда Елбасының тапсырмаларын орындау жөнінде орасан зор, қауырт жұмыстар тұр. Барлықтарыныңға сәттілік тілеймін.
Жазғы демалыстары қысқарып қалған депутаттар биыл жалпы отырысты да жылдам жапты. Небары 15 минутқа созылған жиыннан кейін халық қалаулылары кіре беріске шығып, қайда барып демалғандарын айтып мақтанды. Шетел асып, теңіз жағасында қыдыруына ештеңе кедергі болмапты, тіпті аяқ асты шарықтап кеткен доллар бағамы да.
Айгүл Соловьева, Мәжіліс депутаты:
- Долар қымбаттағанда қолымдағы теңгені ауыстырып үлгерген жоқпын. Бірақ, оған ренжімеймін. Германияға қыдырып бардым. Апам сол жақта тұрады.
Тұрсынбек Өмірзақов, Мәжіліс депутаты:
- Силиконовая долинаға бардым. Соны көрдім қалай жұмыс істеп жатыр. Әйеліммен, баламмен бардым.
Жаз бойы барған, көрген жерлерін айтып болған соң депутаттар кабинеттеріне қарай асықты.
Онысы орынды да. Өйткені, биыл парламенттің жүгі жеңіл болмайтын сынды. Қазірдің өзінде Мәжілістің қарауына 30-ға жуық заң түсіпті. Олардың ішінде мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік, мемлекеттік сатып алу сынды маңызды заң жобалары бар. Ал, жаңа жылға дейін қос палата 60 құжатты қабылдап үлгеруі тиіс. Соған сәйкес Конституцияға да өзгеріс енеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!