Байқоңыр: Ресейлік бағдарламамен оқып келген оқушылар ана тілдерінде білім алатын болды
Байқоңырлық балалар үшін де бүгін нағыз мереке! Осыған дейін ресейлік бағдарлама бойынша оқып келген балғындар енді ана тілдерінде білім алады. Бүгін аймақтағы 6 мектеп жаңа оқу жылын отандық білім беру жүйесіне көшті. Бұған қоса, мұндағы бір балабақша да алдағы уақытта еліміздің бағдарламасымен жұмыс істемек.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
01.09.2015
Жаңа оқу жылын Байқоңырдағы білім ордалары жаңа бағдарламамен ашты. Енді мұндағы 6 мектеп пен бір балабақша тек қазақ тілінде жұмыс істейді. Бүгін бұл мекемелерде өткен алғашқы қоңырау жиыны да бастан-аяқ ана тілімізде өтті. Мектеп табалдырығын аттаған оқушылар мен олардың ата-аналары да дән риза.
Ажар Батқолбаева, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
- 1-класқа барып жатыр. Кенже баламыз. Қуаныштымыз өте. Және биыл біз 1 класқа бергенімізге байланысты, мектебіміз Қазақстанға өтіп жатыр. Өте қуаныштымыз.
Бұған дейін мектептер мен балабақшаларда өтетін іс-шараларда екі елдің әнұраны қатар шырқалса, жаңа бағдарламаға көшкен мекемелерде тек өз әнұранымыз айтылатын болады.
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Біздің мынау болашақ ғарышкер қаланың қазақ мектебінде оқитын еліміздің болашақ азаматтарының білікті маманмен бірге өзінің отанының патриоты болып қалыптасатынына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.
Қазақшаланған 6 мектепте енді 5 мыңға жуық оқушы білім алады. Ал, 500 мұғалім жұмыспен қамтылған.
Ғайни Тұрысбекова, мектеп директорының міндетін атқарушы:
- Егер 2 жыл кеш қалғанда, бұл көшуді, онда балаларымыз ұлттық бірыңғай тестілеуге бара алмай, олар екі сынақтан өтуге тиісті болған болар еді.
Мектептерді қазақ тілді стандартқа көшіру үшін бюджеттен 200 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!