Шымкенттік шенеуніктер ит-мысықты жерлеуге арналған моланы заңдастырмақ
Шымкенттік әкім-қаралар ит-мысықты жерлеуге арналған моланы заңдастырмақшы. 9 жыл бұрын алғаш төртаяқты көміліп, бүгін енді тұтастай қорымға айналған жерге жануарларын арулап қоятындардың саны артыпты. Шымкент сыртындағы адамдар зиратымен қатарлас салынған хайуанаттар қорымында қазір 100-ге тарта жануар көмілген екен.
Автор: Бек Әбиев
25.09.2015
-Ит-құсты да арулап көметін жағдайға жеттік. Шымкент шетіндегі мына бейітте ит пен мысық, тіпті атжалман мен егеуқұйрықтың мүрделері жатыр. Хайуандарды ана дүниеге салтанатпен шығарып салу, олардың басына ескерткіш қою біз үшін жетістік пе әлде керікетушілік пе?
Жануарлар моласы 2007 жылы қала сыртындағы православ қорымының жанынан пайда болған. Негізінен асылтұқымды иттерге ескерткіш қойылған. Тіпті, төбеттің суреттері мәрмәр тасқа қашалып, туған және өлген күні жазылған тақтайшалар мұнда жетерлік. Біреуінің басына «жан досым, қош бол» деген жазулар жазылса, кей иттің басына иелері тіпті «бауырымнан артықсың» деп бөсіпті.
Чак есімді итін Карина биыл көктемде ғана көмген. Иті өлгенде қатты қайғырған келіншек Шымкентте иттерге арналған бейіттің барын ветеринарлардан біліпті. Жер қазу үшін 2 мың теңге берген ол әзірге сүйікті жануарының басына көктас орнатпаған.
Карина Алипова, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Әбден үйреніп қалған итіңді далаға қалай тастай саласың. Сондықтан мұндай бейіттің болғанына қатты қуандым. Бұл жерді қоршап, аяқ асты қылмайтындай ету қажет қой. Анда-санда келіп, еске алып тұрамыз.
Қала басшылары да бұл бейіттен хабардар екен. Тек, ит-құсқа арналған мола әзірше заңсыз деп отыр.
Ерлан Есіркепов, Шымкент қаласы тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:
-Қазір жануарларға арналған моланың құжаттары жоқ. Бірақ, біз заңдастыру мәселесін қарап жатырмыз. Мүмкін келесі жылы жануарларға арналған қорымды рәсімдеп те береміз деп ойлаймын.
Әзірге үй жануарларына арналған мола Алматы мен Астанада, тіпті жан басына шаққанда ит-мысықты көп ұстайтын Өскеменде де жоқ. Егер Шымкенттік шенеуніктер мәселеге шындап кіріссе, оңтүстік тұрғындары Қазақстанда алғаш болып иттерін ресми түрде арулап көмуге мүмкіндік алмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!