Семейде ақы төлемеген тұрғындар судан ажыратылып жатыр
«Семей су арнасы» мекемесі ақысын төлеуден жалтарып жүргендерді тіршілік нәрінен ажыратуға көшті. Бұған дейін қанша ескерту қағазын жолдап, сотқа сүйресе де борышкерлерге әсер етпепті. Енді, амалы таусылған коммуналдық мекеме жер үйлерді су магистралінен толығымен кесіп, ал жекелеген пәтерлердің әжетханаларын бітеп кеткен. Мұндай жаза - енді қала бойынша қарызы бар 60 мың тұтынушыны күтіп тұр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
29.09.2015
Бүгінде семейлік тұтынушылардың қарызы 120 млн. теңгеге жеткен. Олардың қатарында 20 жылдан бері төлемегендер де бар. Жылдан- жылға жамалғандықтан қазіргі уақытта берешектері 100 мыңнан асыпты. Шыдамы таусылған коммуналдық мекеме мұндай борышкерлерді су құбырынан ажыратып тастады.
Тіпті, 5 мың теңге берешегі барларды да аямаймыз деген атқамінерлердің бұл шешімі жұрттың үрейін ұшырды. Енді олар төлемегендердің кесірінен сусыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Себебі, жеке үйлердің орталық су жүйесі бір болғандықтан жерді қопару барысында өзгенікіне де зақым келуі мүмкін.
Қымбат Құсбеков Семей қаласының тұрғыны:
-Қорқамыз- қорқамыз.Мүмкін басты жерін ағытып тастаса біттік қой. Мектеп бар. Науқас адамдар бар. Сөздің шыны керек, жуынып шайынуымыз керек. Ал сусыз тіршілік жоқ.
Мекеме осыған дейін берешегі белшеден келгендерге ескерту парақшасын үлестірумен шектеліпті.Ал қарыздары қордаланып қалғандарды сот арқылы жауапқа тартып та көрген. Одан да пайда болмаған соң, осындай шара қолдануға тура келді дейді олар.
Талғат Мадияров, «Семей Су Арнасы» МКК бөлім басшысы:
-Қазіргі уақытқа дейін Степной кентінде жұмыстар жүргізілді. Содай-ақ, Шығыс кентіде де дәл осындай шаралар атқарылды. Бүгінгі күнге дейін 42 тұтынушыны судан ажыраттық.
Пәтерлердегі борышкерлері тіршілік көзінен ажырату мүмкін болмағандықтан, олардың тек әжетханаларын бітеп кетті. Енді берешектерінен толық құтылмайынша қоспаймыз деп отыр коммуналдық мекемедегілер. Олар қарыз сомасымен қоса, өшіру мен қосуға кететін шығынын өтеулері қажет. Бұл 15 мың теңге көлемінде екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!