{metadescription}
Меккеге кеткен қажылар елге қайта алмай әуежайда түнеп жатыр
Меккеге кеткен қажылар елге қайта алмай әуежайда түнеп жатыр

Меккеге кеткен қажылар елге қайта алмай әуежайда түнеп жатыр

Мұсылмандық парызын өтеуге кеткен отандастарымыздың көбі әлі елге қайта алмай жатыр. Бұл жолы 280 адам ұшақтары келмей Жидда әуежайда түнеп шыққан. Бір тәуліктен бері жарытып тамақ ішпеген қажылардың жағдайы қиын. Өйткені көбі егде жастағы азаматтар. Тағы 2 жарым мыңнан астам адам кері қонақүйге жайғастырылыпты. Ал келген шығынның бәрін еліміздегі туристік компаниялар төлеп жатыр. Негізі бұған қажыларды уақытылы тасымалдамай отырған халықаралық әуе компаниясы жауапты екен.

Аптап ыстықта ас-сусыз отырған отандастарымыз әбден титықтаған. Аяқ алып жүрер жері жоқ әуежайдан орын таппаған қарттардың көбі амалсыздан дәретхана қасына жайғасыпты. Олар мұнда тек әні-міне ұшасыңдар деген уәдеге сеніп отыр. Бірақ сапар қайта-қайта кейінге шегерілуде.

- Дәретхана  қасына келіп тығып қойды. Осында жатырмыз. Жататын орын жоқ. Ішетін тамақ жоқ. 

Ал Меккедегі қалған 2 жарым мыңнан астам отандасымыз қайтадан қонақүйге жайғастырылды. Парызын өтегендердің жатын орны мен тамағының ақшасын қазір туристік компаниялар төлеп жатыр. Дегенмен, халықаралық ережеге сәйкес, шығынды қажыларды тасымалдаған «FlyNas» әуе компаниясы жауапты.

Әсел Нұркебаева, ҚР туристік агенттіктер қауымдастығының президенті:

- Туристік индустриядағы ережеге сәйкес, мұндай жағдайда шығынды әуе компаниясы төлеуі керек. Біз өзімізге артылған барлық міндетті орындадық. Туристерді ас-сумен де, қонақүймен де уақытылы қамтамасыз еттік. Мәселе тасымалдауда болып тұр.

Ал, халықаралық әуе компаниясы қазақстандық туристердің бәрін бар-жоғы 1 ғана ұшақпен тасымалдамақ болған. Ал резервтік әуе кемесі атымен жоқ. Әу баста еліміздегі туристік агенттіктер азаматтардың қажылық сапарға чартерлік рейспен жеткізілуіне қарсы болған екен. Бірақ бұған ешкім құлақ аспаған көрінеді. Ал еліміздің діни басқармасы жағдайды Сауд Арабиясындағы жаңа айдың тууымен байланыстырып отыр.

Алтынбек Ұтысханұлы, ҚМДБ бөлім басшысы:

- Яғни, біздер күнмен есептесек, оларда аймен есептеледі күнтізбе. Сондықтан, айдың 1 күн кеш тууына байланысты, 1 күн ұшу тәртібін кешіктірді.

Десе де, бұл түйткіл отандық қажылар елге қайта бастаған 28 қыркүйектен бастап туындаған еді. Олар да ұшақты осылай ұзақ күтіп, елге әрең оралуда.

Қосымша ұшақ берілмесе жалғыз әуе кемесінің әлі бірнеше рейс жасауына тура келеді. Себебі, қажылық сапарға аттанғандардың жартысы әлі Меккеде. Ал, әуежайда отырған 280 адам Сауд Арабиясындағы жергілікті уақыт бойынша бүгін түнгі сағат екіде елге ұшады.  Тек сапардың тағы кейінге шегерілмесіне еш кепілдік жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде