{metadescription}
Келімбетов өз еркімен отставкаға кеткісі келмейді
Келімбетов өз еркімен отставкаға кеткісі келмейді

Келімбетов өз еркімен отставкаға кеткісі келмейді

Қайрат Келімбетов доллардың қазіргі бағамына қанағат қылуға кеңес берді. АҚШ валютасы құнының 270 теңгеге тұрақтауы - Ұлттық банк төрағасының пікірінше үлкен жеңіс екен. Бірақ бас банкир бұл меженің тағы көтерілуі мүмкін екенін айтып бәріне дайын болуды ескертті. Сондай-ақ, Келімбетов отставкасы мен карикатураларына қатысты пікір білдірді.

Бүгін Қайрат Келімбетов Мәжіліске екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық банктің жұмысына қатысты заң жобасын алып келген еді. Депутаттар қоғамда жағымсыз тұлғаға айналып үлгерген бас банкирді көп ұстаған жоқ. Құжатты екінші оқылымда дереу мақұлдап берді. Есесіне, Астанаға анда-санда келетін Қайрат Келімбетовке журналистердің сауалы қордаланып қалыпты. Парламенттің кіре берісінде бас банкирге тіпті талас болды.  

-Барлық сұрақтарыңызға жауап беремін. Кезекпен сөйлесеңіздер екен.

Келімбетов ең алдымен теңгенің тағдырына тоқталды. Айтуынша, әлемдегі экономикалық жағдайды ескерсек, доллардың бағамы өте қолайлы екен. Сондықтан АҚШ ақшасының курсы 270 теңгеге тоқтауын қанағат етуіміз керек деп отыр.

Қайрат Келімбетов, Ұлттық банк төрағасы:

-Мұнайдың бағасы ең төменгі деңгейге түсті, баррелі 50 доллардан да аз. Ал, Ресей рублі жобамен 70 болып тұр. Меніңше, теңгенің қазіргі долларға шаққандағы бағамы көңілге қонымды. Бірақ, бұл кез-келген уақытта көтеріліп, түсуі мүмкін. Ұлттық банк нарықты  жіті бақылап отыр.

Бас банкир Қазақстанның экономикасы экспортқа тәуелді болғандықтан доллардан түбегейлі бас тарта алмайтынымызды тағы айтты. Және жыл соңына дейін жұрт АҚШ ақшасынан тапшылық көрмейді екен.  Бірақ, Келімбетов көпшілікке қорды  ұлттық валютада сақтауға кеңес берді. Өзі де жиған-тергенін теңгемен ұстайды екен.

-Мен Ұлттық банк төрағасы ретінде жинағымды теңгемен  сақтаймын.

Ал, теңге еркін айналымға түскен соң депозиттегі бар ақшасы күйіп кеткен азаматтарға желтоқсан айына дейін арыз жазуға болады. 1 миллионға дейінгі салымы барларға өтемақы төленеді. Валютадан кейін бас банкир әлеуметтік желілердегі өзінің келемеж суреттеріне ойысты. Девальвация болғанда, теңге еркін айналымға түскен соң, тіпті Қайрат Нематұлының ақпарат құралдарындағы сұхбатынан кейін ғаламторда оның каррикатуралы қаптап кететін болған.

Қайрат Келімбетов, Ұлттық банк төрағасы:

-Әлеуметтік желілердегі мен туралы  суреттерді балларым жіберіп отырады. Фотолар әдемі болса, ұнайды, оған ренжімеймін. Сондықтан, отбасымдағы танымалдығым күн санап артып келеді. Осындай демотиваторлар жасау арқылы жұрт бойындағы күйзелісті жояды. Мен түсіністікпен қараймын.

Осылайша Ұлттық банк төрағасы тілшілердің барлық сауалына асықпай жарты сағат жауап берді. Тек өзінің отставкаға кететіні туралы тіс жарғысы жоқ. Келімбетов «жұмыс істеп жатырмын» деп сөзін қысқа қайырды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде