Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары ұлы мен келінінің басшылық қызметке адал еңбегімен жеткенін айтты
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары балаларын бастық қыламын деп басы дауға қалды. Билік партиясының жанындағы қоғамдық кеңес енді Сара Нұрқатованың қызметінен кетуін талап етіп отыр. Шенеунік ұлы мен келінін әкімдіктегі басшылық қызметке тағайындапты. Бірақ онысынан әкім орынбасары еш қымсынбайды екен. Өзіне шүйліккен партияластарының сөзін пысқырып та отырған жоқ.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.10.2015
-Ақтөбе облысы әкімдігінің таңнан бер тыныштығы кеткен. Өйткені билік партиясындағы кеңес мүшелері білдей бір әкім орынбасарының қызметінен кетуін сұрапты. Себебі Сара Нұрқатова өзіне қарасты басқармаларға туған ұлы мен келінін лауазымды қызметке тағайындаған. Онымен қоймай, әкімдік жанындағы өзі жетекшілік ететін комиссияға баласын хатшылыққа алған.
Жеті жыл бойы үш әкімге орынбасар болған Сара Нұрқатова мұны естіп қатты қобалжығанын айтады. Түске дейін заңгерлермен ақылдасып сабасына түсіпті. Енді балаларының бастық болғанында тұрған дәнеңе жоқ деп ақталды.
Сара Нұрқатова, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
-Балаларымның басшылық қызметке тағайындалғаны рас. Олар заңға сәйкес барлық талаптарды орындады. Енді тексеру жүріп, нәтижесін айтар.
Сара Нұрқатованың ұлы Максим Чаркин осыдан бір ай бұрын облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалған. 27 жастағы жігіттен өзге осы лауазымға лайықты адам болмаса керек. Ол бұрын жастар саясаты басқармасында да бастықтың орынбасары болған. Ең қызығы бұрынғы орнын Чаркин әйелі Алуа Қасымоваға қалдырыпты. Аналары сынға іліккен қос шенеунік бүгін жұмысқа шықпай қалды.
Әкімдіктегі басшылық қызметтерді балаларына үлестірген Сара Нұрқатованың мәселесін билік партиясы май шаммен қарамақшы. Бірақ бастық әйелдің былықтарын бетіне басуға ақтөбелік нұротандықтар жүріксінетін сыңайлы.
Нұрхан Ақниязов, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы басшысының орынбасары:
-Менің өз ойым өз жанымда қалады. Әрбір жағдайдан кейін қарауымыз керек қой. Негізі біз осындай жағдайды болдырмауды ойлауымыз керек. Сондықтан міндетті түрде тексеріледі.
Партияластарының сынына ұшыраған әкім орынбасары әзірге жылы орнын суытқысы жоқ. Келін-баласының да сол қызметте қалатынын сеніммен айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!