{metadescription}
Елімізде қымбат қораптың кесірінен дәрі-дәрмектің  құны шарықтап кетті
Елімізде қымбат қораптың кесірінен дәрі-дәрмектің  құны шарықтап кетті

Елімізде қымбат қораптың кесірінен дәрі-дәрмектің құны шарықтап кетті

Өзінен гөрі қорабы бағалы дәрілер! Доллар бағамына байланысты отандық дәрілер де қымбаттап жатыр. Шетелдіктерден қалыспаған біздегі өндірушілер Қазақстанда шығарылатын өнімнің бағасын 10 есеге дейін өсіріп жіберген. Ал себебін қорабының қымбаттығымен түсіндірді. Сөйтсе, ішіндегісі елімізде шығарылғанымен, сыртындағы қорабы сонау Ұлыбританиядан әкелінеді екен.              

Бұл күндері дәрілердің тек дәмі емес, бағасы да удай. Ал осы соңғы қымбатшылық сырқаттанған жұрттың қалтасымен қоса жүйкесін де жұқартып жіберді. Әсіресе, дертіне дауа іздеп дәріханаға бас сұққандар отандық дәрілердің қымбаттауын ұға алмай әлек. Ал сатушылар бағаны амал жоқ көтеріп отырмыз дейді.      

Татьяна Кириченко, дәріхана қызметкері:

-Отандық дәрілердің бағасы импорттық тауарлардан кем түсіп тұрған жоқ. Доллардың өсімімен олар да бірден қымбаттап шыға келді. Халық шағымданғанымен, біздің қолда емес қой. Қымбаттатып отырған өндірушілердің өздері.

Небәрі 15 теңгеден сатылған бас аурудың дәрісі бүгінде 150-ден. Ал дене қызуын басатын препарат одан да қымбат. Бір қызығы, бұлар долларға келген дәрілер емес, осы Алматы облысы мен Шымкенттікі. Ал бағасының көтерілуіне сыртындағы қорабы себепкер екен.     

Вячеслав Локшин, Фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының президенті:

-Қазақстанда дәрінің қорабы жасалмайды. Тіпті сұйық дәрілер құйылатын құты да шығарылмайды. Ішіндегі қоспалар да сырттан әкелінгендіктен, отандық дәрілер қымбаттады.

Дәрінің қағазын сылтау қылған отандық өндірушілер доллардың бағамы тағы көтерілсе, баға да өсе береді дейді. Тек енді отандық өнім ғана емес, импорт та 50 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін.   

Жарас Ахметов, экономист:

- Сырттан келетін тауар бағасы енді доллар өскен сайын өзгере беретін болады. Сондықтан сұраныс барда сауда тоқтап қалмақ емес. Теңгеге қазір бірде бір тауардың құны теңесіп жатқан жоқ. Сол себепті бәрі де долларға байланысты болып тұр.   

Қазақстанда дәрінің 7 мың түрі  бар екен. Көбі - Германия, Франция, Ресейден келеді. Ал өзімізде өндірілетін өнімнің үлесі азғантай ғана. Десе де, қазіргі бағасы импорттық тауарлардан кем болмай тұр. Көк ақшаның кесірінен көк тиынның өзін санауға мәжбүр қылған мәселенің ұрымтал тұсы сол – ел-жұрттың жалақысы еш өспей отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде