Алматының хайуанаттар бағында жануарлардың денсаулығын тексеретін құрылғы пайда болды
Алматы хайуанаттар бағында жануарларға арналған ультрадыбыстық зерттеу аппараты пайда болды. Енді мұндағы жан-жануарлардың денсаулығы осы құрылғының көмегімен қаралады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
03.11.2015
Мұндай жабдық зообақта бұрын-соңды болмаған. Енді жаңа ультрадыбыстық зерттеу аппаратының көмегімен хайуандардың буаздығын да дер кезінде анықтауға болады. Жануарлардың қауіпті ауруының алдын алуға да мүмкіндік бар. Құрылғы, әсіресе, аңдардың бүйрегіне жиналатын тас пен құмды анықтауға тиімді дейді мамандар. Айта кету керек, жабдықты аса ірі жануарларға қолдану мүмкін емес. Оны пайдалану үшін де қыр-сырын білетін маман керек.
Азамат Дүйсенов, Алматы хайуанаттар бағының бас ветеринары:
– Бұрын жануарлардың ішкі ағзасын кешенді түрде тексере алмайтынбыз. Ал ультрадыбыстық зерттеу құрылғысының көмегімен бәрі оңайлана түсті. Біздің мамандар арнайы білім алып келгеннен кейін, жаңа аппаратты кеңінен қолданатын боламыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!