Ақтөбеде газ тартуға ақша жинап берген тұрғындар алданып қалды
Ақтөбеде саяжайшылар тоңып отыр. «Кривое озероның» тұрғындары өз қалталарынан қаржы шығарып үйлеріне газ құбырын тартқан екен. Құбыр жасаумен екі компания айналысыпты. Мердігерлердің бірі әр отбасыдан 700 мың теңгеден, ал екіншілері 320 мың теңгеден ақша жинаған көрінеді. Алайда қаржы үнемдеуді көздеген тұрғындар енді сан соғып қалды. Себебі, оларға әлі күнге газ берілмеген. Ал көршілері көгілдір отынның қызығын көріп отыр.
Автор: Диас Нұрақын
03.11.2015
Тамұқановтардың үйі даладан да суық. Азынаған баспанада ауырып қалмас үшін олар үй ішінде қат-қабат киініп жүруге мәжбүр. Ең алдымен балаларын қымтап қояды. Бірақ қақаған суықта қырық қабат киім де көмектеспей, қыздары шетінен тұмауратып жатыр.
Қазір саяжайдағы елу отбасы дәл осылай қыс басталмай жатып бүрсең қағуда. Ең қызығы бұл үйлердің барлығына да газ құбыры тартылған. Оны жергілікті тұрғындар көктемде қаржы жинап, жасатып алыпты. Монтаж жұмыстарымен бірден екі компания айналысқан. Алайда біреуі 700 мың теңгеден ақша алса, екіншілері екі есе арзан бағаға газ жеткізіп береміз деп уәде берген. Бірақ аз ақшаға жүгірген отбасылар енді бармағын тістеп отыр.
-Екі жеке компания келе жатыр. Біреуі қымбат біреуі арзан. Енді біз Қазір 40-50 үй газ қосылмай босып жүр.
-Біз несие алып қосылып отырмыз. Енді газ келмей жатыр. Біз «Трансгазга да әкімдікке де бардық. Үйде 86 -ға шыққан үлкенанам бар. Жас балалар бар. Бәріміз тоңып отырмыз.
Жылу үшін 700 мың теңгесін аямағандар қазір көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Ал көршілері газдың қашан берілетінін де білмейді. Тіпті тұрғындарды арзан бағамен жарылқаған кәсіпкер де үйлерге газдың неліктен қосылмай жатқанын түсіндіре алмады. Мердігердің газ тартуға рұқсаты болмағанын «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің мамандары да айтып отыр. Сондықтан бұл мәселемен енді тұрғындардың өздеріне айналысуына тура келеді.
Аймырза Жаманқулов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ БАҚ-пен байланыс жөніндегі жауапты хатшысы:
- Бұл учаскелік телімдерге ешқандай техникалық шарттар берілмеген. Негізі олар 105 кабинетке келіп техникалық шарт алу керек. Енді мердігер фирмаға ешқандай жауап бере алмаймыз. Олар біздің қарамағымыздағы фирма емес.
Демек бүрсең қаққан халыққа көгілдір отын бүгін-ертең берілмейді. Сондықтан олар әлі қанша уақыт көмір жағып, күл шығаратыны белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!