Үкімет 1 қаңтардан бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтеруге уәде етті
Ал осы қымбатшылық пен дағдарысқа қарамастан Үкімет бюджеттік қызметкерлерді жарылқамақ. Жаңа жылдан бастап олардың жалақысы көтеріледі. Үкімет ең алдымен дәрігер, ұстаздардың еңбекақысын 30 пайызға көбейтуді уәде етіп отыр.
Автор: Жәудір Оразхан
10.11.2015
Ал, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтіндердің жалақысы 40 пайызға көтеріледі. Бүгін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Астана әкімдігіне мемлекеттік қызметкерлерді жинап, жаңа Еңбек кодексі бойынша еңбекақы төлеудің жүйесін түсіндіріп бермек болып еді. Бірақ, еңбекақы тақырыбы жиналғандардың бәрін бірдей қызықтырмаған сыңайлы. Министр сөйлеп жатқанда кейбіреулер қалың ұйқыға кетті. Сонымен, енді әркім біліміне, біліктілігіне, атқарға жұмысының ауырлығына қарай табыс табады. Яғни, жалақы қызметкерлерді төрт санатқа бөлініп тағайындалатын болды. Әсіресе мәдениет саласындағы мамандар: әртістер, музей, театр, кітапхана қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
- Мәдениет саласындағы адамдарға қосымша үстемақыны 9 пайызға дейін көбейттік. Әсіресе, ауыр жұмыс істейтіндерге. Сонымен, мәдениет саласында жұмыс істейтіндердің орташа еңбекақысы қазір 37 мен 47 мың болса, жаңа жүйе бойынша 69 мың теңгеге дейін көтеріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!