Көктемде үйлерін тасқын шайған Қарағанды жұртына кеш те болса баспана берілді
Қарағанды облысында көктемде тасқын қиратқан 300-ге жуық үйдің орнына жаңа баспаналар салынып бітті. Жұрттың бәрі қыркүйекте баспаналы болады делінгенімен, құрылыс енді ғана аяқталып отыр. Құжаттары дұрыс емес немесе екінші үйін су қиратқан 7 отбасыға жаңа баспана қоғамдық қор есебінен тұрғызылыпты. Ал 38-іне өтемақы төленген.
Автор: Саят Сабдалы
13.11.2015
Хасеновтер отбасының егделері жалдамалы пәтерде болып, біразы туыстарын сағалап 5 ай күнелткен. Су жаңа баспананың табалдырығын аттағалы, көңілдері жайланып, жаратқанға шүкірлік етеді. Жаңа үйдің бөлмелері жарық әрі кең, қабырғаны су құлатады деген үрей де сейілген.
-Енді не істеймін, трактор керек оны құлату үшін.
Шаңырақтың отанасы үйі қирап бала-шаға сенделіп қалғанда қан қысымы көтеріліп құлаған екен. Ала жаздай төсекке таңылғанымен, жаны қалып, осы күнге жеткеніне сенбей көзіне жас алады.
Сәуле Хасенова, Мұстафин ауылының тұрғыны:
-Үй салына ма салынбай ма, қандай жағдай болады, кім қайда барады. Ойландық енді. Жаңбырда да, суықта да далада жүрдік. Қазір жағдай жақсы. Үйіміз бар, бала -шағамыз қасымызда.
Тасқын салдарынан далада қалғандардың барлығы қыркүйектің басында баспаналы болады дегенімен, жұмыстың созылып кеткенін биліктегілер мойындайды. Сондықтан 200-ден аса үйін топан су қиратқан Мұстафин ауылының етек-жеңі қарашада ғана жиналды. Оған себеп, жобалау және қаржыландыру ісінде мамандардың қағазбастылыққа салынуы екен.
Жәнібек Мәжитұлы, құрылыс фирмасының директоры:
-Жоба жөнінде көп мәселе болды. Барып аламыз жобалаушыдан, осы жерге келіп бір парақ қағазбен бастадық. Мақсат тек қана үлгеріп, суық түскенше зардап шеккендерді үйлеріне кіргізу болатын. Уәде берілгені шаршы метріне 140 мың теңгеден, одан кейін әлемдік ахуалға байланысты ақша аз деп 90 мың теңгеден төледі.
Шенеуніктер кәсіпкерлерге бюджеттен алып бере алмағанды, қоғамдық қордан береміз деп сендіріпті.
Құжаттарында кінәраттары бар 40 шақты үйдің мәселесі қоғамдық қор есебінен шешілетін болады. Ал жаңа баспанаға қоныстанғандардың алғыстан басқа айтары жоқ. Осы үйлерді тұрғызған құрылыс компаниялары болса, баспаналарды мемлекеттік комиссия қабылдап алған соң бюджеттен қалған 5 пайыздық алашақтарына қол жеткізетін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!