Қатерлі ісіктен айығудың жолы табылды
Қатерлі ісіктен қорқудың қажеті жоқ. Алматы облыстық онкодиспансер мамандары аты жаман аурудан айығып кетуге болатынын айтып отыр. Ол үшін обырды асқындырып алмай, дер кезінде дәрігерге көріну керек. Яғни қатерлі ісік ерте анықталған жағдайда науқастардың сексен пайызын аман алып қалуға мүмкіндік бар дейді мамандар.
Автор: Диас Нұрақын
10.12.2015
Алматы облысында бүгінде обыр дертіне шалдыққан он үш мыңнан астам науқас тіркеуде тұр. Алайда ауруды дер кезінде анықтап, дәрігерлерге көрінсе одан құлан таза айығып кетуге болады дейді мамандар. Ол үшін облыстағы онкологиялық диспенсерде қажетті құрал-жабдықтар мен білікті дәрігерлер де жеткілікті.
Меруерт Арапова, Алматы облыстық онкология диспансерінің бөлім меңгерушісі:
- Мына тератрон деген аппаратпен жұмыс жасаймыз. Бұл ішкі ағзадағы ісіктерді емдейді. Күніне 30-40 адамды емдейміз. Жылына сонда 500-600 адам ем алады. Бұл 10-15 см дейінгі ісіктері барларды емдейді.
Қазір заманауи құрылғылардың көмегімен талай науқастың дертіне дауа табылған. Соның арқасында обырдан көз жұматындар саны да былтырғыға қарағанда едәуір азайыпты. Мәселен өткен жылдың тоғыз айында қатерлі ісіктен 1253 адам бақилық болса, биыл бұл көрсеткіш 964- ке дейін қысқарған.
Болат Сейітқазин, Алматы облыстық онкология диспансерінің директоры:
-Биылғы 11 айда анықталған қатерлі ісіктердің 81 пайызы 1-2 сатыда анықталды. 14 пайызы 3-сатыда анықталды. 3 пайызы 4-сатыда. Ол енді асқынған түрі. Дегенмен оның саны жылдан жылға азайып барады.
Онкологтардың айтуынша қатерлі ісіктің 1-ші, 2-ші сатысындағы азаматтарға үміт үзуге ерте. Себебі олардың 80 пайызын емдеуге болады екен. Қазір облыста өкпе, тері және әйел адамдардағы сүт безінің қатерлі ісігі көп кездесетін көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!