{metadescription}
Оралда  жүргізушілер сұйытылған газ таппай көше кезіп кетті
Оралда  жүргізушілер сұйытылған газ таппай көше кезіп кетті

Оралда жүргізушілер сұйытылған газ таппай көше кезіп кетті

Оралда сұйытылған газ тапшылығы көлік жүргізушілерін сенделтіп қойды. Ондағы көлігі газбен жүретіндер темір тұлпарларын амалсыз қаңтарып қойған. Қалада көгілдір отын тек мекеме көліктеріне арнайы талонмен берілуде. Ең қызығы, мұндай газ тапшылығына басқа-басқа емес, оралдық шенділер жүргізушілердің өздерін кінәлады.

Жарты жылдан бері Оралды жеткілікті газбен қамти алмай келе жатқан атқамінерлер ақыры көгілдір отын тапшылығына тап болды. Соңғы бірер күннен бері барлық жерде «газ жоқ» деген жазуды іліп қойған.

Алексей Хвостов:

- Барлығы талонмен береді. Оны қайдан аларымызды білмейміз. Газ өндіретін бірнеше кен орнымыз болса да көрген күніміз осы.

Негізі Оралда бұған дейін газға деген сұраныс мұнша көп болмапты. Бірақ, қайта-қайта көтерілген жанармай бағасы көлік тізгіндегеннің бәрін көгілдір отынға ауысуға мәжбүр еткен сыңайлы. Тек, жүргізушілердің көбі көлік құжатын рәсімдеуді ұмыт қалдырады екен.

Бауыржан Талдықбаев, БҚО Энергетика басқармасының басшысы:

- Біздің инспекторлар газ құю бекеттерін аралауға шыққанда 10 көліктің тек екеуі ғана техникалық құжатын реттеген, ал қалған жетеуі рәсімдемеген болып шығады.  

Энергетика министрлігі жыл сайын облыстарға қанша газ мөлшері бөлінетінін сондағы газбен жүретін көліктердің санына қарап бекітеді екен. Өткен жылдың осы кезеңінде облысқа 800 тонна бөлінсе, биыл мың тоннаға жетіп отыр. Бірақ, ол да жетпей қалған. Орта есеппен, облысқа 1500-2000 тонна көлемінде газ керек. Енді жергілікті билік көлігіне газ қойғызып, онысын тіркетпегендермен күресті күшейтпек.

Алмат Ысқақов, БҚО ІІБ ӘПБ инспекторы:

- Көлігіне газ құрылғысын орнатып, бірақ, әкімшілік полицияда тіркелмегендер жауапкершілікке тартылады. Ол үшін 30 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

Оралды соңғы бірнеше ай бойы газбен қамтыған Ақтөбенің өзі көгілдір отыннан тарығып отыр. Мұндағы бекеттерде де таңнан бері ұзын сонар кезек. Кешкілік көбісінде газ тауысылып қалады. Мұнда да сол жағдай, газбен жүретін көліктердің көбеюі басты себеп дейді шенеуніктер. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде