Шымкентте арзан пәтерге таласқан жұрт полицейлермен жаға жыртыса жаздады
Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен үй алу үшін кезекке тұрғандар полицейлермен жаға жыртыса жаздады. Үлестіргелі жатқан 492 пәтерден дәмелі жұрт 4 күннен бері таңғы сағат алтыдан келсе де кіре алмай жатырмыз деп ашынады. Есесіне, кезекті қадағалауы тиіс тәртіп сақшылары таныстарын ғана өткізіп жатыр екен. Ал, әкімдік өкілдері қараша қанша шулағанымен пайда жоқ деп отыр. Себебі, жұрт жаппай құжат тапсырғанмен үй саны шектеулі.
Автор: Бек Әбиев
24.12.2015
–Азаматтар мен азаматшалар шамалы артқа шегінейікші, Құдай үшін! Шамалы артқа шегініңіздер!
Шымкенттік тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы мекемесінің алдында 4 күннен бері осы жағдай. Полицейлер мен әкімдік өкілдері мекемеге кіруге ұмтылған халықты баса алмай әуре. Ал, дүйсенбіден бері таңғы 6-дан кешкі 8-ге дейін ипотекаға болсын үй аламыз деп жиналғандардың шенеуніктерге өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, шенділердің өздері таныстарын кезексіз кіргізіп жатыр екен.
Эльвира Бекқұлова, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Азанда келесің, кезекке жазыласың. Ешкім кіре алмайды, ешкім сөйлесе алмайды. Танысы бар, ақшасы барлар кіріп сөйлесіп жатыр. Мына жердегі полицейлер өздерінің таныстарын кіргізіп жатыр. Өз көзімізбен көрдік.
Кіру мұң болған мекемеден шығып жатқандардың да жағдайы мәз емес. Кейбірі тіпті есінен танып жатыр.
Ержан Боташев, Шымкент қаласының тұрғыны:
- 4 күнде халық үлгермейді. Кейбіреулері естімеген, естігендері келіп жатыр. Енді естіп келіп жатыр. 4 күн аз ғой.
Ал, жұрттың бірден бұлай ағылуына берілгелі жатқан пәтер туралы ақпарат халыққа дұрыс жеткізілмеуі себеп болған.
Гүлнар Әшірбаева, Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі:
-Көп азаматтар несие бар ма, қара тізімге түскен бе оны бізге көрсетпейді. Бізде ол базада жоқ. Оны біз тексере алмаймыз қазір. Жолдама бергеннен кейін банк өз тарапынан бұның бәрін тексереді. Көп азаматтар төлем қабілетін растамауы да мүмкін. Сондықтан артығымен алып жатқанымыз да сол.
Бас-аяғы 492 пәтерді алуға 4 күн ішінде 2 жарым мыңнан астам адам құжат тапсырыпты. Тек соның 246-сын жас отбасылар алса қалғанын жетімдер, мүгедек асырап отырған отбасылар мен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне ғана бұйырмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!