Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша үйін жөндеткендер жылудан қағылды
Пәтер иелері енді тероможаңғырту бойынша көмекке жүгіндеріне өкініп отыр. Себебі, төбені құр қаңылтырмен жапқан жұмысшылар оны жөндеп қымтамаған. Соның кесірінен пәтерлер жылынбай, қабырғалары көгеріп кетіпті.
Автор: Жаңалық Ахаш
18.01.2016
-Бұл үйдің тұрғындары Ақтөбеде алғашқылардың бірі болып терможаңғырту бағдарламасына өтініш берген еді. Енді сол әрекеттеріне өздері өкініп отыр. Мердігер компания үйдің қасбетін келістіргенімен, төбесін дұрыс жөндемеген.
Құр қаңылтырмен жабылған жұқа шатырдың кесірінен жоғары қабаттағы пәтерлерге жел гуілдеп тұр. Ал сыздан қабырғалары көгеріп кеткен. Енді артық қыламыз деп жүріп, тыртық қылған мердігер компанияға мұндағылар ашулы.
Күләш Айтқалиева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Төбені дұрыс жаппағаннан бәрі ағып жатыр. Суланып, қарайып тұр. Үй салқын, жылымайды. Екі айдан кетті жылымайды. Келеді тапырлап он адам комиссиясы. Ана батареяларды ұстап кетіп қалады.
Әкімдіктегілер де бұл үйдегі жағдайдан хабардар. Ендігі жіберетін комиссиялары мәселені төбеге шығып тексереді деп сендірді.
Жұлдызбек Бисенбин, Ақтөбе қалалық тұрғынүй инспекциясы бөлімінің басшысы:
-Бүгін тағы да комиссия құрдық. Олар тексеріп қарайтын болады. Егер мердігер мен жобалаушылардың салғырттығы анықталса жазасыз қалмайды. Қайта жөндететін боламыз.
Мердігер компания болса тұрғындардың шағымын тыңдағысы жоқ. Дегенмен, шенеуніктер үйдің ішіндегі кем-кетіктерді жөндеп беру солардың міндеті екенін айтады. Өйткені тероможаңғырту бойынша тендер ұтып алғандар екі жылға кепілдік береді екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!