Түркістанда жындыханаға жабылған Маржан Тұрлыбаеваның жағдайын білуге келгендерді күзетшілер жағадан алды
Түркістандағы психионеврологиялық мекемеде жатқан Маржан Тұрлыбаеваға қатысты дау жаңа қарқын алды! Бойжеткеннің сау екеніне шүбәсіз сенген бір топ адам сол аурухананың алдына барып, Маржанды көрсетуді сұрады. Олар тағы да тәуелсіз сараптама жасалуын талап етті. Бірақ емдеу мекемесіндегілердің қызды көрсетпегені былай тұрсын, күзетшілері келгендерді жағадан алды.
Автор: Бек Әбиев
18.01.2016
–Бізге тәуелсіз сараптама керек. Ашсаңыздаршы, адам сияқты сөйлесейік та. Маржанның халы қалай? Жағдайы қалай?
Маржанмен әуелден ұялы телефонмен хабарласып, сөйлесіп жүрген бір топ адам бүгін Түркістандағы емдеу мекемесіне келді. Жетім қызды көзбен көріп, хәлін білмек болған. Бірақ күзетшілер келгендерді әй-шайға қаратпай жағадан алды.
–Біз Маржанның жағдайын білейін деп келдік. Қыздың жағдайын айтыңыз.
–Мен күзеттің бастығымын.
-Былай тұрыңыз, кірейік. –
Мекеме алдына жиналған он шақты әйелді күзетуге 40-тан астам полицей келді. Жиналғандардың бір ғана мақсаты бар - «шизофреник» деп танылған қызға қайта сараптама жасатқызу.
Жәмилә Жұмабаева, Түркістан қаласының тұрғыны:
-Тәуелсіз сараптама Алматыда не Астанада жасалса. Тек Шымкенттен емес. Біз Шымкентке сенбейміз. Өйткені бұны «жынды» деп Шымкент жапқан басында. Қайтадан сол жынды деп айтқан адамнан өткізді да, қайтадан жауып қоя салды .
Туыла сала жетімдер үйінде өскен Маржан Тұрлыбаеваны 10 жасында әлдебір отбасы асырап алған екен. Тек кейін өгей ата-анамен жараспаған қызды 1 жарым жылдан соң жындыханаға өткізіпті. Содан бері бірнеше мекемеге ауыстырылған. Тек қызды бұрыннан танып- біліп, үнемі сөйлесіп жүргендер оның сау екеніне еш шүбә келтірмейді. Тіпті, Маржанды 8 айдан бері қарап жүрген психиатр да қыздың денсаулығынан кінәрат таппапты.
Сәбит Қапалов, Түркістан қалалық психоневрологиялық- әлеуметтік мекемесінің психиатры :
-Жолдама арқылы 18 жасқа толуына байланысты біздің мекемеге келгеннен бері қазіргі таңда ода ешқандай психикалық ауытқу белгілері байқалмайды. Сондықтан, ешқандай ем қабылдап жатқан жоқ.
Жұрт дүрліккен соң шенеуніктер «психиатриялық мекемеде заңсыз ұстау» бабы бойынша тергеу басталды деген. Бірақ әзірше не полицейлер, не дәрігерлер тіс жармады.
-Маржан Тұрлыбаеваны қолдаушылар қазір әлеуметтік желілер арқылы қол жинап жатыр. Жетім қыздың сап-сау екеніне нық сенімді олар тәуелсіз сараптама жасалуын талап етеді. Қажет десе халық өз қалтасынан қаржы жинап, Астана мен Алматы, болмаса тіпті шетелге жіберіп қыздың ақыл-есін тексертеміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!