Қостанай облысында тұрғындар қирағалы тұрған мектептің жабылуына қарсы шықты
Апатты жағдайда болса да, мектеп жабылмасын! Қостанай облысындағы Давыденков ауылының тұрғындары осындай талаппен наразылық білдірді. Жарығы көмескіленіп, еден төсеніші ескірген мектеп апатты жағдайда деп танылыпты. Ал балаларды басқа елді мекендерде оқытпақ болған. Бірақ қыстың көзі қырауда баласын көрші ауылға жібергісі келмейтін ата-аналар көнерген білім ошағының жабылуына үзілді-кесілді қарсы.
Автор: Ербол Тұрымбет
19.01.2016
Гүлмира Белгібаеваның төрт баласы мектепке барады. Үлкені бесінші сыныпта. Кенжесі дайындық сыныбында. Бірақ кішкентайларын аязды күні көрші ауылдың мектебіне оқыту керек дегенді естігелі бері маза қашқан.
Гүлмира Белгібаева, Давыденков ауылының тұрғыны:
- Ертең апат болса кім жауап беред? Маған бәрібір. Мен бірақ, балаларымды жібермеймін. Мен төрт баламды ешқайда жібере алмаймын.
Мән-жайды анықтау үшін ауыл тұрғындары жергілікті басшылармен апатты мектептің акт залында кездесті. 126 оқушының жағдайына алаңдаған әкімдік көрші ауылдарға қатынайтын автобус бөлмекші екен. Бірақ ол ашулы жұртқа жұбаныш болмады.
Жарты ғасырдан аса уақыт бұрын салынған мектептің 2012 жылы пайдалану мерзімі өткен екен. Дер шағында ғимаратты жөндеуге ақша табылмапты. Енді көне мектеп жабылса, оқушылардан бөлек, 30 мұғалім мен шаруашылық жағында істейтін 13 адам жұмыссыз қалайын деп тұр. Десе де, ұзақ тәжікелесуден кейін мәселе шешілгендей болды. Жергілікті билік біршама ақылдасқан соң, білім ошағын жабуды кейінге қалдыру керек деп шешті.
Бауыржан Көпжасаров, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:
-Мектептің жабылуы және тоқтатылу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Бүгінгі таңда жарық, жылу және де ағымдағы жөндеулердің барлық жұмыстары жүргізілді.
Ал жөндеуге бас-аяғы миллион теге жұмсалыпты. Енді бірер жылда мұнда жаңа білім ошағы бой көтеруі тиіс. Оған дейін ауыл балалары осы мектеппен амалдай тұрмақ. Бұған басында оны жабу керек деп тапқан санитар мамандар да келісе кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!