Алматыда «Оңай» жүйесіне қарсы шығып, автобусты тоқтатып қойған жолаушыларды полиция ұстап әкетті
Алматыда «Оңай» төлем жүйесін қиынсынған жолаушылар қиғылық салуын доғарар емес. Бүгін де қоғамдық көліктегі осындай ұрыс-керіс жолаушыларды полиция бөлімшесіне әкетуімен аяқталды. Электрондық жүйе тиімсіз дегендер тексерушілермен екі сағат бойы салғыласып, автобусты сағаттап тоқтатып қойған. Ал әкімдік апта басынан бергі түсініспестік бірлі жарым жолаушы немесе мүдделі топтардың әрекеті деген пікірде. Өйткені автопарктер ақшадан қағылғанымен, «Оңай» жүйесі өзінің тиімділігін алғашқы күндерден-ақ дәлелдепті.
Автор: Ербол Тұрымбет
21.01.2016
-Қағазың бар ма, автобусты тоқтатуға болады деген? Сен де заң бұзып отырсың
Бұл 7-ші бағыттағы автобустың тапжылмай тұрғанына 2 сағаттан асқан. Таңғы тоғыздан басталған айғай-шу ұзаққа кеткен соң автобус толы адам тарап кетіпті. Тек жанайқайымызды жұрт естісін дегендері соңына дейін дауласып қалған.
Индира Әбдіразақова:
-Маған керек емес бұл «Оңай». Мен күніге 10 рет мінемін. Бұрын жол жүру билетімен 6 мың теңгеге жүретінмін. Қазір есептесем, мына зейнеткер кісінің өзі айтады, 40 теңгемен 15 мың теңге кетеді екен дейді. Ал мен есептесем, 25 мың теңге кетейін деп тұр. Ал менің табатын айлығым қазір 80-ге де жетпейді.
«Оңайдың» өкілдері картасыз жолаушымен айтысып жатса, «біз неге жүрмей тұрмыз» дегендер қосылып, әңгімесі жараспай тұрғандардың арасын тіпті қиындатып жіберді. Аядай автобустың іші айран-асыр боп, оған полиция араласып, ақыр соңы «Оңайы» жоқ келіншекті бөлімшеге әкетті.
Ал қалалық әкімдіктегілер мұндай келеңсіздіктер тек облыстан келетін бағыттардың қысқаруынан да туындап отыр дейді. Өйткені көбінің әкімдікпен келісім құжаты жоқ. Маршруттан айырылғысы келмейтіндер енді жоқ жерде шу шығарып жүрген көрінеді.
Дәурен Әлімбеков, Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы :
-Біз оларға бірнеше рет хабарландыру жібергенбіз. Бірақ, әлі күнге «Оңай» қондырғыларын орнатпай отыр. 11 қаңтардан бері рейд жүргізіп, бізбен келісім-шарт жасамаған бағыттарды анықтап жатырмыз.
Жағдайды ретке келтіру үшін жолаушылар көлігі басқармасы ертең Алматы облысының басшылығымен кездесіп, мәселені талқыға салмақшы. Ал «Оңайға» үйрене алмай жүрген алматылықтарға бәрібір көнуге тура келеді. Себебі, бюджетке түсім көбейіп, бұл жүйе тиімділігін қазірдің өзінде дәлелдеп қойыпты. Сондықтан әкімдік «Оңайды» қалаға кіретін облыстық автобустарға да міндеттемек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!