Алматы облысында жол апатынан қайтыс болған марқұмның туыстары жүргізушінің жазалануын талап етті
Жол апатына кінәлі жүргізуші жауапкершіліктен жалтарып жүр. Алматы-Бақанас тас жолында болған оқиға салдарынан қаза тапқан марқұмның туыстары осылай дейді. Атпалдай азаматтан айырылып, қара жамылған отбасы ережені өрескел бұзған көлік иесінің жазалануын талап етіп отыр. Айтуларынша, ол сараптама жасаушыларды сатып алып, жазадан құтылғысы келеді екен.
Автор: Диас Нұрақын
22.01.2016
Қазанның 7-де Қарой ауылынан шыққан «Мерседес» Бақанасқа жете бергенде «Ланд Крузермен» бетпе-бет соқтығысыпты. Жантүршігерлік жол апатынан «Мерседестегі» жолаушы көз жұмып, тағы екеуі жараланған. Одан кейін тергеу ісісағызша созылып, ақыры сот сараптамасы бұрмаланды дейді жәбірленуші жақ.
Берікбол Баймолдин, көлік жүргізушісі:
-Апаттың салдарынан менің жанымдағы жолаушы қайтыс болды. Машинада отырған жолаушының баласынан көріп отыр бәрін. Джип бізді қарсы келіп ұрғанын. Енді соны бұрмалап, сараптама бойынша, мені қарсы бағытқа шықты деп қойыпты.
Джиптің ереже бұзғанын куәгерлер де растады. Күл-талқаны шыққан «Мерседестегі» жолаушыларға алғаш болып көмек көрсеткен де солар.
Қайрат Әділғалиев, оқиға куәгері:
-Соғысқан бетте «Мерседес» жанды өртеніп. Адамдарын шығардық. Қайтыс болған кісі алдына қысылып қалыпты. Бала артта жатыр екен. Бірінші баланы алдық, сосын жүргізушіні алды. Ана кісі жаншылып қалған, жарты сағаттан кейін тарктормен тартып жатып шығардық.
Апаттан 52 жастағы Бақытжан Иниятов ажал құшқан. Ал артта отырған ұлының аяқ-қолы сынып, үш ай ауруханаға жатып шығыпты. Бір ажалдан аман қалған жігіт пен оның туыстары енді жол апатына кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр.
Дәмір Иниятов, марқұмның ұлы:
-Автокөлік иесі кінәсін мойындамайды. Бізді кінәлап отыр. Ана жерде бәрі көрініп жатыр, қалай соғылғаны, машинаның сынықтары, майлары түгел жатыр. Соны тергеп жатқан тергеушілер соның сөзін сөйлеп, жақтас болып жатыр. Таныстары бар тамыры бар адам болып тұр ол.
Ал тәртіп сақшылары әлі күнге оқиғаның қалай болғанын анықтай алмай жүр. Істің созбалаңға салынуын, сараптама нәтижесінің дайын болмауымен түсіндірді олар.
Жанар Төлегенқызы, Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің бас маманы:
-Қазіргі уақытта тараптардың бірінің қорғаушысы Даймлер Бенс көлігінің рулінде басқа адам болды деген болжамы бойынша қосымша сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданатын болады.
Ал «Ланд Крузердің» жүргізушісімен жүздесудің сәті түспеді. Жеңіл жарақат алған ол әлі күнге кешірім сұрап та келмеді дейді жәбірленушілер. Олардың енді бар тілегі кінәлі азаматты жауапқа тарту.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!