Орталық сайлау комиссиясы еліміздің ең басты жарнама берушісіне айналды
Орталық сайлау комиссиясы уақытша еліміздің ең басты жарнама берушісіне айналды. Сөйтіп әлемдік және отандық тауарлады ығыстырып, көше ортасындағы алып тақтайшаларға Мәжіліс пен жергілікті мәслихат сайлауына қатысты ақпараттар іліп жатыр. Тіпті бірнеше күннің өзінде, ірі қалаларда 800-ге жуық билбордттар жаңартылған. Үгіт-насихат әлі басталмағандықтан, онда негізінен саяси науқанның өтетін күні жазылыпты.
Автор: Ербол Тұрымбет
27.01.2016
Елорда көшелері бірер күннен бері сайлауға үндейтін билбордтарға толған. Әдетте бренд тауарларды жарнамалайтын тақталар сайлау мәтіндеріне орын босатқан. Қазір барлық қалаларда жұртты сайлауға шақыратын осындай 750-ден астам тақта орнатылуда. Ал Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялардың тізімін жасаумен бас қатырып жатыр.
Қуандық Тұрғанқұлов, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы :
-Біздің ең басты міндетіміз – сайлауға қатысатын саяси партиялардың тізімін алу. Ол заңмен бекітілген әрі өте күрделі жұмыс. Ал біз оларды тіркеу және өзге де мәселелер бойынша айналысатын арнайы жұмыс тобын құрамыз.
Алдағы науқан жайлы елді құлақтандыру үшін түрлі ақпарат құралдарымен келісімдер жасалуда. Яғни, енді бірер күндікте телеарналар мен баспасөз атаулы халықты саяси додадан қалмауға үндейтін болады. Тек сайлау болады дегелі кейбіреулер арыз-шағым айтуға көшкен.
Владимир Фоос, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
-Кей азаматтар сайлау науқанына қатысы жоқ болса да жеке мәселесін айтып келіп жатыр. Егер тұрмыстық жағдайын түзеп бермесе, сайлауға бармайтынын айтып жатқандар бар. Бірақ, мұның барлығы сайлауға дайындық барысына еш қатысы жоқ.
Осылайша, сайлау арқылы жеке басының қамын күйттегендер табылып жатыр. Ал ширақ қимылдауға көшкен партиялар Мәжіліс сайлауына дайындықты күшейтті. Сьездерінің уақытын белгілеп, депутаттыққа түсетін үміткерлерінің тізімін жасауда. Ал жеңістен ең басты үміткер «Нұр Отанда» алдағы жұмада өтетін құрылтайға қамданып жатыр. Жиынға партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, сайлауалды бағдарламасын жарияламақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!