{metadescription}
Шымкентте тұтқындалған танымал кәсіпкер Астанаға  жеткізілді
Шымкентте тұтқындалған танымал кәсіпкер Астанаға  жеткізілді

Шымкентте тұтқындалған танымал кәсіпкер Астанаға жеткізілді

Бүкіл Шымкент үшінші күн – Тоқтар Төлешовты тұтқындау шарасын қызу талқылап жатыр. Өңірге белгілі кәсіпкер, сыра зауытының директорын ұстау үшін анау-мынау емес Астана мен Алматыдан жүздің үстінде арнайы жасақ сарбаздары шақыртылыпты. Тәртіп сақшылары тіпті шытырман фильмдегідей көшелерді жауып, бизнесмен отырған қымбат қонақүйді қоршап тастаған. Мәліметтерге қарағанда, Төлешовтан қару-жарақ, есірткі мен діни кітаптар тәркіленген. Дегенмен, елдегі ең қалталы азаматтардың бірі қандай күдікке ілінгені әлі айтылмай отыр.

Сенбі күні Шымкент әскери қақтығыс боп жатқан Таяу Шығыс шаһарларына ұқсап кетті. Кей көшелермен жолдар жабылып, бастан аяқ қаруланған арнайы жасақ пен полицейлер қаптады. Жұрт басында лаңкестік шабуыл деп ойлаған. Сөйтсе, бұл өңірге белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлошевті ұстау операциясы екен. Бір мезетте қаладағы 5 жұлдызды қонақ үй, сондай-ақ оған тиесілі сыра зауыты мен зәулім сарайы қоршауға алынған. Көп ұзамай бизнесмен 3 серігімен бірге мейманханада құрықталды. Ал, оның жұмыс орны мен үйін тінтіген кезде бірталай қару-жарақ, есірткі мен тыйым салынған діни кітаптар табылыпты. Полицейлер оның баласын да күзетшілермен бірге үйінен алып кеткен.

Мұхадір Қадыров, Т.Төлешовтің көршісі;

- Тағы 2-3 күзетшісін  алып кетті.  Қолдарын майыстырып алып кетті. Тағы ештеңе білмейміз. Көшеден әзер өттік.

Тоқтар Төлешов ұстала салысымен жұрт арнайы операция себебін түр-түрлі болжап жатыр. Бірі мейманханада қылмыс әлемінің серкелерімен жолығыпты десе, кейбірі мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болған дейді.

Өзінің туған күнін ресейлік шоумендерге жүргізтіп, кіл шетелдік дөкейлермен ғана тойлайтын Тоқтар Төлешов туралы қарапайым жұрттың пікірі әрқалай. Оны тек кәсіпкер ғана емес қылмыс әлемінің мықты дейтіндер де, өнер жанашыры дейтіндер де бар. 13 баланың әкесі әр ұл-қызының туған күніне шетелдік әншілерді арнайы шақыртады.

Тіпті «Шымкент Пикчерс» киностудиясын ашып, Голливуд майталмандарымен бірге фильм түсірді. Жалпы Тоқтар Төлешовтің бас сұқпаған саласы кемде-кем. Ол Қазақстанды қойып, Ресей журналистері қауымдастығының мүшесі атанған. Діннің де жанашыры-мыс. Ал, қолына кісен салынған бойда кәсіпкер бірден Астанадағы абақтыға жеткізілген. Оны қазір Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері тергеп жатыр.

Алмас Сәдубаев, ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:

-Тоқтар Төлешовтің тұрғылықты мекен жайынан бірнеше адамға қатысты жасаған бірқатар алаяқтық қылмыстары үшін іздеуде жүрген Алматы қаласының тұрғыны 1988 жылғы Калтаков Сергей Викторович қолға түсірді. Тінту шараларын жүргізу кезінде ІІМ қызметкерлері атыс қаруымен есірткі заттарын тәркіледі. Төлешов және Калтаков ҚР 128 бабы бойынша  уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Оңтүстіктегі ең беделді кәсіпкерге қандай айып тағылғанын және онымен бірге ұсталған 3 азаматтың жайы туралы Ішкі істер министрлігі тіс жармайды. Әзірше бірқатар сараптама тағайындалып, тергеу жүріп жатыр. Ендігі кезек Тоқтар Төлешовтің қорғаушыларында. Кәсіпкердің адвокаттары таяу күндері баспасөз конференциясын ұйымдастырамыз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде