Оралда екі аяғынан айырылған азамат кәсіппен айналысып бірнеше отбасыны асырап отыр
Мүмкіндігі шектелсе де мұң айтпаған! Оралда жұмысшыларының басым бөлігін мүгедектер құрайтын кәсіпорын бар. Басшысы Біржан Қожақов осыдан 15 жыл бұрын екі аяғынан бірдей айрылса да еңсесін түсірмеді. Өзі секілді жарымжандарды жинап, жұмыспен қамтыды. Қазір Біржанның қол астындағы 37 адам жиһаз жасап, отбасыларын асырап отыр. Әсіресе, көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы сандықтарға сұраныс көп.
Автор: Жанар Низамутдинова
04.02.2016
2000-шы жылы полицияда қызметте жүріп Біржан екі аяғынан бірдей айрылған. Тәртіп сақшысын басшылары да далаға тастамай, техникалық байқау орталығынан жеңіл-желпі жұмыс тауып берді. Бірақ, жігіт ағасы бос уақытында қарап отырмай, ескі жиһаздарға жан бітіріп, жаңа кәсіпті игерген екен. Жасаған дүниелері өзгелердің көзіне түсіп, осылайша кәсібі дөңгеленіп кете барыпты.
Біржан Қожақов, кәсіпкер:
-Сонда бір шопыр келіп: Біржан, «мынаны сатасың ба?» деді. Мен айттым сатам. 4 жарым мың дедім. Содан сатып алды. Содан кейін маған идея келді.
Ұлттық нақыштағы дүниелерді жасап, нарыққа шығарып отырған бұл шағын кәсіпорында 37 адам жұмыс жасайды. Олардың 20-ға жуығы мүгедек. Жиһазға басылатын ою-өрнектің бәрін Біржан өзі жеке қадағалайды. Қазір бұл дүниелер Ақтөбе, Атырауда мен Ақтауда сатылып жатыр. Тіпті кейбір тұтынушылар Біржанды арнайы іздеп келетін көрінеді.
Рәзия Құлмұқанова, Атырау қаласының тұрғыны:
-Сандық таңдап келдім. Ешқайда еш жерде мынадай жақсы жасалған сандық жоқ. Телевизордан көріп, әдейі осы кісіні іздеп келдім. Сандықтары өте жақсы,қол жетімді, ыңғайлы, жақсы жасалған.
Біржан кәсіпкерлерді қолдауға қатысты түрлі бағдарламалардың көмегімен несие алмақ та болған. Бірақ, мүгедектерден мүлде үміт жоқ деді ме, банктер несие беруден бас тартыпты. Ақырында, тәуекелге бел буып, үстіндегі үйі мен астындағы көлігін сатуға тура келген. Дегенмен, ісі оңға басып, қазір табысқа кенеліп отыр. Тек бір қиындығы – қыста ауа-райының қолайсыздығына байланысты мүгедектердің жұмысқа жетуі мұң болғандықтан оларды өз есебінен демалысқа жіберіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!