Елімізде құлағы ауыр еститін балалар тегін емделеді
Саңырау балалардың есту қабілетін қалпына келтіру шаралары енді тегін жүзеге асырылады. Елімізде құлағының мүкісі бар бүлдіршіндерге жасалатын күрделі ота мен оңалту жұмыстарын тұтастай мемлекет қаржыландырмақ. Сондықтан мүгедек балалардың шетел аспай, өз отанымызда еш шығынсыз айығып кетуіне мүмкіндік бар.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
04.02.2016
Елімізде 2 мыңнан астам саңырау бала күрделі ота жасатқан. Олардың бәрі де арнайы мемлекеттік бағдарламаның көмегімен ешбір ақысыз жүзеге асыпты. Тіпті операциядан кейінгі оңалту шаралары да тегін. Бұл жұмыстардың бәрі еліміздегі жалғыз есту қабілетін оңалту республикалық орталығында жүзеге асады.
Марат Ахметқалиев, Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми орталығының директоры:
- Бұл оңай жұмыс емес. Қиын жұмыс. Мысалы, ол операция 20-22 мың доллар тұрады. Оның бәрін үкімет өзінің тарапынан мамандарын облыстарға таратып, солар арқылы үкіметтің ақшасын беріп, сол балаларға операция жасатып жатыр.
Операциядан кейін науқастың есту қабілеті бірден қалпына келмейді. Сондықтан, сурдолог дәрігерлер қалыпты естуге және сөйлеуге жаттықтырады. Ал күрделі кохлеарлық ота жасалған науқастарға мынадай арнайы есту құралы беріледі.
-Осы жылы құралды ауыстырдық, жаңасын бердік. Ескісі 5 жылға ғана беріледі, әр 5 жыл сайын ауыстырып отырамыз.
Науқастардың басым бөлігі туа бітті саңырау болады екен. Ал, ата-аналар мұны уақытылы білмей жатады. Мәселен, Естөре есімді мына бүлдіршіннің құлағының мүкісі барын жақындары 1 жасқа келгенде ғана байқаған. Операция жасатып, оңалту орталығына келгелі бері тілі шығып, есту қабілеті де жақсарып келеді.
Шұғыла Бердібек, Естөренің анасы:
-Жақсы жағынан өзгеріс бар. Естиді, біраз сөйлейді қазір, біраз сөздер айтады.
Тек 1 жылда аталған бағдарламаны 250 науқас бала пайдалана алады. Сондықтан енді бұл жобаны кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр. Тіпті ересектерге де арнайы квоталар бөлу жоспарланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!