Петропавлда үйлері өртенген ондаған отбасы далада қалды
Петропавлда түн ортасында сегіз пәтерлік үй өртеніп, қақаған қыста 25 адам далада қалды. Олардың жетеуі кәмелет жасына толмаған балалар. Түні бойы ұйытқыған жел өрттің тез арада күш алуына сеп болыпты. Ақыры ескі үйдің шатыры опырылып ортасына түскен. Өрттің неден шыққанын қазір арнайы комиссия анықтауда. Ал жергілікті билік зардап шеккендерге қажетті көмекті елден сұрап отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
05.02.2016
Елена Филипованың өрттен аман қалды деген бір бөлмелі пәтерінің сиқы мынау. Төбеден көк аспан көрініп тұр. Күйеуі екеуі қазір қолға ұстайтын дүниелерін сыртқа шығарып әлек. Түні бойы үйіңнің жанғанын сырттан бақылап тұру сұмдық екен дейді ол.
Елена Филиппова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Мен оянғанда бөлме түтінге тола бастапты. Алдымен көршілерді ояттым.Тіпті қаннен- қаперсіз ұйықтап жатқан баламды киіндіріп үлгермедік. Көрпеге орадым да, сыртқа жүгірдім.
Осында тұратын 7 баланы естері шыққан ата-аналары түн ортасында такси жалдап туыстарына тасыпты. Үстері малмандай су, бет ауыздары күйе-күйе олар таңғы астарын көліктің капотында жеп тұр. Бұл барақ осыдан 55 жыл бұрын теміржолшыларға арнап салынған екен. Көршілердің бәрі биыл жазда бір кісідей баспаналарын жөндеп, жиһаздарын алмастырыпты.
Владимир Петров, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Әзірге бүтін жиһаздарды сыртқа шығарып жатырмын. Оны да апарып кептіретін жер жоқ. Өрт сөндірушілер де «үйге кірмеңдер, шатыр опырылуы мүмкін» деп бізді қуды. Сонда да олармен жағаласып, еңбекпен тапқан дүниемізді сақтауға тырысамыз.
Қамыстан салынып, ағашпен қапталған үйдегі өрттің неден шықанын нақты ешкім білмейді. Алдымен шеткі пәтердің кіреберісі жанған. Қазір арнайы комиссия оның себебі мен ғимараттың тұруға қаншалықты жарамды екенін тексеріп жатыр.
Марат Тасмағанбетов , Петропавл қаласының әкімі:
-Тұрғындардың өртенген құжаттарын қайта дайындап, тез арада баспана кезегіне қоямыз. Риэлторларға , құрылыс компанияларына сұрау салып, бос тұрған баспана болса беруін өтініп жатырмыз. Халықтан да зардап шеккендерге арнап азық-түлік, киім-кешек, жиһаз жағынан көмектесуін сұрдық.
Зардап шеккен әр отбасына 200 мың теңгеден астам жәрдемақы үлестірілмек. Бұл ақшаға тұрғындар бірнеше ай пәтер жалдай алады. Шенділер егер өртенген үй тұруға жарамды деп табылса, оның шатырын жөндеп беруге де уәде етті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!