Ресейге жалға берілген жердің құны жайылымнан да арзан болуы сенаторлардың түсінбестігін туғызды
Көршілеріміз әскери сынақ өткізу үшін гектарына мың теңгеге де жетпейтін қаржы төлейді екен. Ал, бұл сома күнде жарылыс болып жатқан аумаққа келген зиянды мүлдем ақтамайтыны анық. Қайта елімізде полигонға қарағанда жайылым үшін жалға берілетін жердің бағасы әлдеқайда қымбат. Қорғаныс министрлігіндегілер болса, Ресейге шаң жуытпады. «Көршілеріміз онсыз да жыл сайын жүздеген офицерді ақысыз оқытып, тегін техникамен қарық қылып отыр» деп жақтап шықты.
Автор: Жәудір Оразхан
11.02.2016
Қазір 7 миллион гектардан астам жері Ресейдің полигондарына жалға берілген. Яғни, осынша аумақта көршілеріміз әскери сынақ өткізеді: күнде атыс, күнде жарылыс деген сөз. Ол үшін Мәскеу гектарына төлейтін ақшасы мың теңгеге де жетпейді. Шетелдік әскерилерге қарағанда отандық шаруалардың жағдайы қиын. Жай жайылымның құны 5 есе қымбат екен.
Қуаныш Айтаханов, Сенат депутаты:
-Полигонның қызметі жалға берілген жерлерде қоршаған ортаға, халыққа ықтимал қауіп төндірілуде. Оны да есептеуіміз керек. Соның бәрін есептегенде жалға берілген әрбір гектардың құны өте төмен деп есептеймін. Біз халыққа береміз жайылымды әр гектарына 2 мың теңгеден, ал полигонға сынақ жасау үішн береміз 424 теңгеден.
Сонымен, бюджетке жалпы жалға берілген жер үшін жылына 24 миллион доллар түседі. Шетелдердегі бағамен салыстырғанда Ресей қазақ жерін су тегін пайдалануда, - дейді сенаторлар.
Мұрат Бахтиярұлы, Сенат депутаты:
-Мысалы, Америка Құрама Штаттарында Берлиндегі кішкентай ғана жерді жалға алу құны евроға шаққанда 1 жарым миллиард евро. Егер бүкіл Германиядағы Американың әскери базаларын мен палигондарының жалға алу құнын есептегенде 3 млр.евро екен, біздің ақшаға шаққанда 1 трл 200 млрд теңге. Бұл өте көп қаржы.
Ал Қорғаныс министрлігіндегілер Ресейге шаң жуытар емес. Көршілеріміз жыл сайын жүздеген офицерді ақысыз оқытып, тегін техникамен қамтуда дейді. Бұл аздай біздің шенеуніктер жалға берілген аймақтардағы геологиялық барлау жұмыстарына қатысты мәселенің де басын ашып алмапты. Яғни, уақытша Ресйеге тиесілі жерлерден кен орындары табылса, қазба байлықтың кімге бұйыратыны нақты келісілмеген. Ол Қорғаныс министрлігіндегілердің бүгін Сенатқа алып келген құжатында да көрсетілмепті. Депутаттар осы мәселені де көтерді.
Оқас Сапаров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
-Басты келісім 19- 20 жылға қарай бітеді. Сонда біз басқаша қараймыз. Сонда осы сөздерді енгіземіз. Қазір жылдам істеу керек болды.
Осылайша құрғақ уәдені үйіп-төгіп, сөзін ұзақ сөзған вице-министрді Тоқаевтың өзі тоқтатты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы:
-Сіз бос уәде бермеңіз. Келешекте ешқандай келісім болмайды, қазір қол қойылғаннан кейін Ресей Федерациясымен. Олар келісім бермейді бұндай жағдайға.
Ресейдің қазақ жеріндегі 4 палигонына қатысты депутаттар 1 сағаттан астам уақыт тартысқанымен Қорғаныс министрлігінің екіжақты келісімге енгізген өзгерістерін ақыры бекітіп берді. Айта кету керек, дәл осы жаңа құжат бойынша батыстағы 600 гектар жер ел меншігіне қайтарылатын болды.
Енді 20 жыл Ресейге әскери сынақ алаңы ретінде қызмет еткен аймақты екі елдің мамандары бірлесіп зерттемек. Егер, топырақ, ауадан адам өміріне қауіпті заттар анықталса, көршілеріміз шығынды толық өтемек. Ал, жалдағы жердің қайтарылатынын естіген Атырау облысындағы Ақжар, Қызылқоға, Индир аудандарына қарасты ауылдағылардың қуанышында шек жоқ. Өйткені, осы күнге дейін бұл өңірдегі тұрғындар үшін баспананы заңдасытру, тіпті дүниеге келген балаға туу туралы куәлік алу мұң еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!