Алматыда еңбекақыларын талап еткен күзетшілер алпауыт компаниямен соттаспақ
Алматыда қалалық муниципалдық автобустарды күзеткен 80-ге тарта күзетші желтоқсаннан бері жалақысыз жүр. Ал оларға еңбекақы төлеуі тиіс «Алматыэлектротранс» компаниясының еш жағдайы жоқ. Өйткені компания түрлі серіктестеріне 750 миллион теңге қарыз боп қалған. Жалақыларын күте-күте шаршаған күзетшілер нақты жауап болмаса, қалалық муниципалдық компанияны сотқа сүйрейін деп отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
15.02.2016
-Бізде ақша да жоқ.
Бұл жиналғандар жалақысын бермеген басшысына қарсы айғай көтеріп тұрған бұрынғы күзетшілер. Барлығы да қалалық муниципалдық автобус парктерін қарауылдаған. Тек қыс басталғалы күзет фирмасының басшылығы көк тиын да татырмапты. Тіпті, себепсіз жұмыстан қысқартып тастаған.
Татьяна Альц, күзет компаниясының бұрынғы қызметкері:
-Иә, бәрі бар ғой бізде. Біз қол қойдық оған, трудовой договорға. Там все написано, бәрі жазылып тұр. Уақытына зарплата төленеді деп. За вредность, отпускной, больничный, бәрі. Жоқ қой бәрі. Енді, конечно, жүрміз. Не несие төлей алмаймыз, не анаған, квартплата төлей алмаймыз.
Күзет фирмасының басшылығы болса, бар айыпты тасымалдаушы компанияға аударып отыр. Айтуынша, муниципалдық автопарк күзетшілерге соңғы айлар үшін ақша төлеуді доғарған. Соның кесірінен қазір осы компания арасындағы келісім-шарт та бұзылыпты.
Олжабай Тамин, күзет фирмасының директоры:
- «Алматыэлектротранс» бізге қараша, желтоқсан, қаңтар айларына ақша аудармады. Қарыздың көлемі қазір 13 миллион теңгеге жетті. Бізден ешқандай кінәрат жоқ. Ақшаны аударса, 79 күзетшіге екі күннің ішінде барлық қарызын төлейміз.
«Алматыэлектротранс» расымен қарызға белшеден батқан екен. Бүгінде түрлі серіктестері алдындағы берешегі 750 миллион теңгеге жеткен. Күзетшілердің алажағы да соның ішінде. Тығырықтан шығу үшін, муниципалдық компания 5 жылға жеке инвестордың қолына беріліпті. Олар енді соның арқасында бүкіл қарыздан наурыздың ортасына дейін құтылмақшы.
Төреәлі Төлегенов, «Алматыэлектротранс» АҚ басқарма төрағасы:
- Договорға отырған адамдармен қарызын төлей алмай, сондай бір шешім шықты әкімнің. Охранный компанияға біз дейтін ақпанның аяғынан наурыздың ондарына дейін 12 миллионның үстінде қарызын төлеп бітуіміз керек.
«Алматыэлектротранс» компаниясының уәдесі бойынша, жұмысшылар ары кетсе наурыз айының ортасына дейін жалақыларын алуы керек. Бірақ, бұл да әншейін құр сөз болып шықса, күзетшілер мәселені сотта шешуге бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!