Республикалық бюджет ақыры қайта қаралатын болды
Ұзақ талқылаудан кейін республикалық бюджет ақыры қайта қаралатын болды. Тіпті бұл істі шапшаңдатуды талап еткен премьер Кәрім Мәсімов Қаржы мен Экономика министрлеріне бірнеше күн уақыт берді. Ал Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін Зейнетақы қорынан 1 жарым триллион теңге алмақшы. Жұрттың қартайғанда қажет болады деп жиғаны осылайша экономиканы әлдендіруге жұмсалмақ. Қазына қаржысын тілшіміз Жәудір Оразхан да есептеп келді.
Автор: Жәудір Оразхан
15.02.2016
Бүгін Үкімет үйіне жиналған министрлер, ірі холдингтер мен ұлттық компания басшыларының басы қатып жүр. Дағдарыс кезінде, әр тиынды ұқсатып, тапшылықтың орнын толтыру керек. Қаржы және Экономика министрлері бұл ретте көп бас ауыртпай бюджетің жыртығын зейнетақы қорындағы ақшамен жаппақ. Ол үшін қордан 350 миллиард теңге бөлінеді. Жұрттың қартайғанда пайдаланамын деп жиған ақшасы екінші деңгейлі банктер мен ұлттық холдингтерден құнды қағаз сатып алуға да жұмсалады екен.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-Облигация шығаратын банктердің критерийлерін ойластырып жатырмыз, бұл жұмыс осы жетінің ішінде жүргізілетін болады. Оның табыстары инфляциядан жоғары болу керек. Мысалы, инфляция қазір 13 пайыз болса, 14-15 пайыздан облигация ретінде, немесе басқа инструменттерге салыну керек.
Үкіметтегілер Зейнетақы қорынан алынатын 1 жарым триллион теңгенің тағы бір бөлігі тұрғынүй құрылысына жұмсалмақ. Биыл 7 мыңнан астам пәтер салынғалы жатыр. Мемлекет қаржыландыратын баспананың әр шаршы метрінің құны Астана, Алматы, Атырау, Ақтауда 240 мың, қалған аймақтарда 200 мың теңгеден аспайды.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Ал, «Бәйтерек» холдингі арқылы жалға берілетін пәтерлердің құрылысына 53 миллиард теңге бөлінеді. Оның 42 миллиарды биыл жұмсалады да, 11 миллиард келесі жылы. Бұл бағдарлама бойынша Астана мен Алматыда баспананың шаршы метрі 200 мың теңгеден, ал қалған өңірлерде 180 мың теңгеден аспауы тиіс.
Министрлер кабинеті ұзақ ойланып, ақыры бюджетті де қайта қарайтын болып шешіпті. Мұнай бағасының түсуіне байланысты қазына шығыны 600 миллиард теңгеге артып кеткен. Мәселен, АҚШ ақшасының қымбаттауына орай ЭКСПО-2017 көрмесі мен Қысқы Универсиаданың құрылысына тағы қосымша 194 миллиард теңге бөлінбек. Есеп-қисаптың өзгеріп жатқанын көрген Мәсімов бюджетті қайта қарауға шешім қабылдады.
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:
- Осы аптаның ішінде шұғыл бюджетке өзгеріс енгізуді тапсырамын. Өйткені, келесі сейсенбіде құжатты қабылдауымыз қажет. Уақыт жоғалтпай, ақша тезірек экономикаға түсуі тиіс.
Өйткені, Үкімет алдағы үшжылдық бюджет мұнайдың баррелі 40 доллармен, ал теңгенің долларға шаққандағы бағамын 300 деп есептеген еді.
Енді ақша мен экономикаға жауапты министрлер басты қаржылық құжатты доллардың қазіргі бағамына сай есептейді. Соған сай бюджеттің барлық шығыны қайта қаралып, тағы да қысқартылмақ. Сондықтан, төрт күннің ішінде Үкімет мүшелері есеп-қисабын тізіп,Қаржы министрлігіне өткізуі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!