Ақмола облысында бір-бірімен жаға жыртысуға барған жұртты әкімнің өзіне арашалауға тура келді
Ақмола облысында тұрғындар пәтер иелері кооперативінің жұмысына наразылық білдірді. Олар көпқабатты 21 үйге қызмет көрсетуі тиіс ұйымның төрайымы қызметінен кетсін деп отыр. Жұрттың айтуынша, осы басшының кесірінен онсыз да ескі баспаналарының тоз-тозы шығыпты. Жаға жыртысуға дейін барған тараптарды әкімнің өзіне арашалауға тура келді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
22.02.2016
Өз беттерінше талай мәрте өткізген жиыннан еш нәтиже шықпаған соң тұрғындар осы жолы Шучье әкімі Қайыргелді Мусинді шақырды. Қалада 7 тұрғын үй кооперативінің ең ірісі – осы «Наш дом». Бұлармен тұрғындар ашық айқасқа кіріскен. Өйткені төлемі өтелсе де, 20 жылдан бері жөндеу көрмеген үйлер бар. Мәселен мына 9 қабатты үйге кіруге былайғы адамның жүрегі дауаламайды. Баспалдақтары шұрық тесік, лифтінің шахтасы көрініп жатыр. Электр сымдары салбырап тұр. Сырты да адам көргісіз.
Сандуғаш Шәйімова, Щучье қаласының тұрғыны:
-Қараңыздар, табалдырық мұз. Мұны ешкім тазаламайды. Әрі арасына аяғың кіріп кетеді. Ана жолы көршінің 5 жасар қызы аяғын сындырып алды. Ол үшін ешкім жауап берген де жоқ.
Жұрт қала әкіміне баспаналарының мәселесін жіпке тізгендей етіп айтты. 20 жылдан бері жеңіл-желпі жөндеуге де жарымаған кооператив әр пәтерден кемі 700-800 теңгеден ай сайын жинауды ұмытқан емес.
-Романовтардың мұрасы емес, бұл қызмет. 300 жыл басқара ма енді?Кетсін..
Тұрғындар осы арадан бір жұмысшы көрмейміз дейді. Ал араша түсер деген әкім болса, ашынған жұртқа заң баптарын түсіндірумен әлек болды.
Ал әкімнің өзі сөзін сөйлеген төрайым «шашасына шаң жуытқан жоқ». Бүгінгі шудың себебін де ол тұрғындардың өзіне жапты.
Алена Иманакова, пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
-Шу шығарып, белсенді топ құрғандар коммуналдық қызмет ақысын төлемей жүргендер. Біз оларды сотқа беріп, қарызымдызды өндіруге әрекеттеніп жатырмыз. Жұмыс істемейді дегендері бекер.
Шуылдаған жұрт әкім қатысқан жиыннан да нәтиже шығара алмады. Олар бұған дейін жағдайды айтып прокуратураға да шағымданған. Енді одан нәтиже шықпаса, төрайымдарын күштеп қумақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!