{metadescription}
ОҚО-да 6 жасар баланы ұрлап кеткен әйелге қатысты жаңа дерек шықты
ОҚО-да 6 жасар баланы ұрлап кеткен әйелге қатысты жаңа дерек шықты

ОҚО-да 6 жасар баланы ұрлап кеткен әйелге қатысты жаңа дерек шықты

Оңтүстік Қазақстанда оқушы ұрланды. Ордабасы ауданына қарасты Амангелді ауылындағы мектептен шыққан бірінші сынып оқушысы Мұхаммед Қамшыбекті жасы елулер шамасындағы әйел таксиге отырғызып әкетіпті. Бала оқудан келмеген соң туыстары арада бір сағат өтпей-ақ іздестіре бастаған. 6 жасар ұлдың жоғалғанына 3 тәулік өтіп, бүкіл жұрт болып іздегенмен әзірше нәтиже жоқ.

-Бірінші сынып оқушысы Мұхаммед сенбі күні түскі сағат 12 жарымда мектептен шығып бірден үйіне бет алған. Әдетте бірге қайтатын достары сол күні мектеп жанында қалып кетіпті. Оқу ордасынан 100 метр ұзай сала алдынан бейтаныс әйел кезіккен. Аңғал оқушыны қартаң әйел сөзге алдандырды ма әлде тәттімен алдады ма әйтеуір көлікке отырғызып, баламен бірге аудан орталығына тартып кеткен.

Мұхамедті Амангелді ауылынан 10 шақырым жердегі Темірланға алып барған такси жүргізушісі Әділбек Бибосынов жасы елуді еңсерген әйел еш күдік тудырмады дейді. Жоғалған баланы танитын жүргізуші тіпті бейтаныс әйелдің Мұхамедті ұрлап бара жатыр деген ой кіріп шықпаған.

Әділбек Бибосынов, такси жүргізушісі:

-Амангелді ауылынан мінді маған. Сөйтіп, Мұхаммедке қалай жағдай дедім, жақсы деді. Күлді, өзі күліп қалған бала. Сонымен Мұхаммедке қайда бара жатырсың дедім. Анау қасындағы апа айтты жауап берді «қазір Темірланға барып ауруханаға барып қайтамыз деді».

Аурухана жанынан түсіріп кеткен соң такси жүргізушісі Мұхамедтің туыстарына хабар берген. Сөйтіп, бірігіп іздей бастайды. Оларға қарапайым тұрғындар да қосылды. Темірланмен жақын маңдағы ауылдардан бастап, 100 шақырым жердегі Түркістан, Созақ, Сарыағаш пен Шымкентке дейін суреттерін іліп жүр. Туыстары тіпті қоғамдық көліктерге парақшалар жабыстырылып, жолаушылардан да көмек сұрауда.

5 баланың үлкені Мұхамедтің суретін сүйіп жылап отырған анасы ұлын қайтарса ол әйелді кешіруге даяр.

Жанна Ағабекова, Мұхаммедтің анасы:

-Баламды әкелсе ешқандай сотқа да бермейміз, істе қозғамаймыз. Тиіспейміз, жайымен жібереміз. Баламды 12 мүшесін аман-есен әкеліп тастаса болды. Қиянат жасамасыншы, баламды ұрып-соқпай.

Осыған дейін такси жүргізушісінің сөзімен жасалған фотороботпен іздеп келген полицейлер бүгін нақты күдіктінің атын атады. Ол мына суреттегі әйел. Жәбірленуші отбасымен бұрын араласқан екен.

Кенжебек Оңдасынов, ОҚО ІІД крминиалды полиция басқармасының бастығы:

- 15 қараша, 1965 жылы туылған, мекен жайы қазіргі таңда белгісіз Сүйіндік Сәндікүл Жүргенбайқызы іздестірілуде. Белгілері: бойы  160-165 см, түр әлпеті ақшыл, толық денелі.

Күдіктінің бұл әулеттен қандай өші бар екенін ата-анасы айта алмады.  Әкесі мұнай компаниясында қара жұмысшысы, ал шешесі үй шаруасында. Сондықтан бұл отбасынан ақша талап ететіндей байлықтары да жоқ. Қазір полицейлер «адам ұрлау» бабы бойынша тергеуді бастады. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде