Қостанай облысына тасқын қаупі төніп тұр
Тобыл өңірінде 50-ге жуық елді мекен тасқыннан зардап шегуі мүмкін. Биыл өңірге жауын-шашын жылдағыдан екі есе артық түскен. Осының салдарынан өзен-көлдер тасуы мүмкін. Сондықтан құтқарушылар қазірден қамданып, тұрғындарға да тас түйін дайын отыруды ескертті.
Автор: Жанар Низамутдинова
01.03.2016
Қостанай маңындағы Затобольск елді мекенінің халқы 22 жыл бұрынғы қызыл судан келген қасіретті әлі ұмытпапты. Бұл ауылға қауіп екі жақтан төніп тұр. Өйткені іргеде Тобыл өзені ағып жатса, қарсы бетте көл бар. Ал жергілікті әкімдік сол өзен-көлге қарды әкеп төгіп жатыр дейді тұрғындар.
Ғазиз Мұқатов, Затобольск ауылының тұрғыны:
-Ауыл көшесіндегі жиынтық қарларды алып келіп, жанымыздағы көл мен біздің көшенің орталығына төгіп жатыр қыстай. Әкім айтады, төгетін жеріміз жоқ дейді.Енді келіп, әкімдіктің істейтін жұмысын төтенше жағдай шешпекші. Олардың міндеті адамды құтқару ғой...
Сондай-ақ, тұрғындар дың айтуынша, ескі дамбыдан келер қауіп көп. 22 жыл бұрынғы тасқынды көргендер қазірден-ақ тығыларға жер таппай жүр.
Галина Любименко, Затобольск ауылының тұрғыны :
-Ол кезде үйіміз ойыншық секілді шашылып қалды. Кеткен дүние-мүлік, мал-жанды айтпай-ақ қояйық, су деңгейі 2 метрге дейін көтерілді. Көрмегендер сенбес. Тіпті айтудың өзі қорқынышты.
Төтенше жағдай қызметкерлері болса, қағаздарын қаттап, тасқында қалуы мүмкін үйлердің тізімін жасап қойыпты. Олар қызыл су лап етіп келе қалса, 8 мыңға жуық адамды ғана емес, жан-жануарларды да құтқарамыз дейді. Ал тұрғындар қауіп төнсе, қаша жөнелмеуі керек екен.
Талғат Хакімов, Қостанай облыстық ТЖД бастығы:
-Қауіпті жағдай болғанда адамдар жарықты, газды, пештерін сөндіріп, құжаттарын алып, далаға шығып, құтқарушыларды күтіп тұрулары керек. Мүмкін болса, үйдің төбелеріне шығып тұруға болады.
Сондай-ақ, құтқарушылар апат бола қалған жағдайда тұрғындарды орналастыруға қажетті мекеме басшыларымен де келісім жасапты. Яғни үйін су басып, далада қалғандар қонақ үйлер мен мектептерге, мейрамхана-дәмханаларға жайғастырылатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!