Атырауда жұрт баспаналарын тастай қашып жатыр
Атырауда баспаналарды төпелеп жауған жаңбырдың кесірінен су алып жатыр. Қазірдің өзінде 100-ден астам аула мен 30 шақты үйге қызыл су кірген. Салдарынан кейбір үйлердің қабырғалары құлап, тұрғындары баспаналарын тастай қашқан. Жағдайды әлсін-әлсін жауған бүгінгі қар одан әрі ушықтырды.
Автор: Жанар Низамутдинова
15.03.2016
Бірінші топтағы мүгедек Қайрат Жұмағалиевтің үйін осымен екінші рет су алып жатыр. 60-шы жылдары салынған ескі баспанасының іші суға толы. Бірақ арбаға таңылған үй иесінің отбасымен барар жері жоқ. Үйін былтыр су басқанда әкімдік көмек ретінде берген 400 мың теңге тек жаңа баспананың іргетасын қалауға жетіпті. Имұхановтар отбасы да кешегі жауыннан зардап шеккендердің бірі. Бұлардың да ескі үйі шыдас бермей, түнде қабырғасы опырылыпты.
Жұмабай Имұханов, Атырау қаласының тұрғыны:
-Кеше кешкі жаңбырда құлады бір жағы. Біздер одан 10 күн бұрын шығып, тіреп төбесін, жазғы сарайға барып отырмыз.
Тиісті орындарға 100-ден астам тұрғыннан арыз түскен. Оның ішінде 30-ға жуық баспанаға су кіріпті. Осы жағдайды көзбен көрмек үшін бүгін облыс басшысы жауыннан зардап шеккен отбасылармен кездесті. Бақтықожа Ізмұхамбетовтың сөзіне сенсек, үрейленудің қажеті жоқ екен.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі :
-Қазір айтарлықтай үлкен проблема жоқ. Суды сорып алып жатыр. Бүгін-ертең арнайы комиссия құрылады. Кімге қандай шығын келгенін анықтайды. Тиісті шараларды қолға аламыз. Кез-келген адамға көмек көрсететіндей мүмкіндік бар.
Қазір қызыл суға толған қала көшелерінде 300 қызметкер мен 80-ге жуық техника жұмыс істеп жатыр. Бірақ , одан азаяр су көрінбейді. Өйткені, жерасты суларының көтерілуі де жығылғанға жұдырық боп тұр. Ал, ауа-райын болжаушылар қар аралас жаңбыр тағы жауады дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!