Ақтөбе іргесіндегі бірнеше ауылды су басып қалуы ықтимал
Қызыл су келсе, бұған шенеуніктер кінәлі дейді тұрғындар. Өйткені, шеттегі ауылдар мен саяжайдың айналасына орталық көшелерден шығарған қарды төгуге солар рұқсат беріпті. Тығырыққа тірелген жұртты тілшіміз Жаңалық Ахаш тыңдап қайтты.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.03.2016
Ақтөбедегі үш полигон қарға лық толған. Енді сыйдыра алмағандарын қала шетіндегі ауылдың айналасына тасып әлек.
-Минут сайын көліктер келіп жол бойына қар төгіп жатыр. Ал қол созым жерде 300 шаңырағы бар ауыл орналасқан. Ондағылар ертеңгі күнін ойлап уайымдап отыр.
Қала іргесіндегі бұл ауылдың тұрғындары үйілген қарға қарап үрейленеді. Себебі ол ерісе елді-мекенді қызыл су алары сөзсіз. Қар тиеген көліктердің жолын да бөгеп көрген. Бірақ олар алған беттерінен қайтар емес. Өйткені қолдарында әкімдік берген рұқсат қағаздары бар.
Алмагүл Қалиева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Енді бұл қар еріген кезде қандай жағдайда қалатынымызды, халықтың жағдайын ойлап тұрған ешкім жоқ. Күнбе күн жүрегіміз дүрсілдеп, лүпілдеп тұр осы тұрғанда. Қалай ертең суға кетсек қайда барамыз? Кім бізге көмек береді?
Бұл маңдағы тұрғындар күнара жарықсыз отыруға үйренген. Өйткені қар тиеген көліктер тіркемелерімен электр сымдарын іліп әкетеді екен. Ал үзілген жерін жергілікті халық өздері жалғауға мәжбүр.
Ардақ Сәрсенова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Наурыз мейрамы уақытында жарық сөніп қалды.. Үлкен кісілер бар мүгедектер. Солардың бәріне қиын. Май шамды қашанғы жағасың. Ол да сөніп қалады.
Ақтөбелік атқамінерлер ауыл іргесіне үйілген қардан еш қауіп жоқ деп алаңсыз отыр. Қарды алысқа тасымай-ақ ауыл іргесіне төгуге өздері рұқсат беріпті.
Жомарт Бақытгелді, Ақтөбе қалалық коммуналдық шаруашылық және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
-Судың ағу жолын қарастырып, сол жерге қар төгу аумағы деп шешілді. Қар ерігенімен суға кету қауіпі жоқ.
Әкімдіктегілер қосымша полигондарды қаладан алыстау жерден ашуға болмайды дейді. Өйткені орталықтағы қарды шұғыл тасып үлгеру қажет. Ал қар құрсауында қалған ауылдың жағдайын тасқын кезінде ойластырамыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!