Көкшетауда жанармай таситын көлік аударылып, жұрт тұншығып қалды
Салдарынан цистернадағы сұйықтық төгіліп, 500 шаршы метр жерге жайылған. Қолқаны қабатын иіс ауаны жайлап, тұрғындар өздерін жайсыз сезінуде. Бірінен соң бірі жедел жәрдем шақырып, ауруханаға түскендері де бар. Тонналаған сұйық отын үйлердің ауласы, бау-бақшасына дейін басып қалған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
24.03.2016
Жанармай көлігі тау етегіндегі үйлердің арасында тұрған жүк көлігінің тіркемесіне соғылып барып аударылған. Цинстернада 1 жарым тонна сұйық отын болыпты. Биік жерде төгілген жанармай жоғарыдан төмен қарай орналасқан үйлерге қарай аққан. Сөйтіп, екі көшенің бойындағы 500 шаршы метрден аса жерге жайылыпты.
Айнұр Төреханова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Түнімен құсып, жүрегіміз айнып ұйқы көрген жоқпыз. Балалар үйде болатын. Тез тез киіндіріп туысқандарға апарып тастадық. Үйде отыру мүмкін емес, противогазбен жүрмесек. Масқара мынау.
Иіске уланған бір әйел ауруханаға жеткізілген. Ал үйлеріне қонып шыққан 3 үйдің тұрғындары таң ата жедел жәрдем шақырыпты. Балалар өздерін жайсыз сезінді дейді. Сосын олар дәрігерге қаралған.
Ерлан Жұмкин, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Таң ата үйді алып кетті. Түні бойы ұйықтамаған, мәңгі боп отырмын.
Жанармай үйлердің ауласына, бау-бақшаға тегіс жайылған. Құтқарушылар құм төгіп, тегістеген болды. Бірақ жылға-жылғадан ағып, еріген қар суымен жайылып барады. Исі өткір сұйық отынның нақты не екені де белгісіз.
Ережеп Әмзин, Ақмола облыстық экология департаментінің инспекторы:
-Анализ алып жатырмыз. Не төгілгенін ауаны тексереміз. 500 литр дейді. Білмейміз қанша екенін мұнда көру керек.
Қазір коммуналдық қызметтегілер апат орнын тазартып жатыр. Болған жағдайды жан-жақты тексеріп, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы комиссия құрылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!