Әнші Қайрат Нұртастың орнына Мәжіліске пойыз машинисі өтті
Көпке арман болған Мәжіліс орынтағына кімдердің жайғасатыны белгілі болды. Сайлауда жеңіске жеткен «Нұр Отан», «Ақжол» мен коммунистер іле-шала заң шығарумен айналысатын депутаттарының аты-жөнін жариялап үлгерді. Олардың қатарында облыс әкімі, министр, журналист тіпті пойыз машинисіне дейін бар. Жолы болып, халық қалаулысы атанғандардың ең жасы 26-да. Парламентке тағы кімдер өтті? Тілшіміз Ербол Сейілхан төменгі палатаның жаңа құрамымен танысып қайтты.
Автор: Ербол Сейілхан
24.03.2016
Жеңісін дүркіретіп тұрып тойлап болған «Нұр Отан» бүгін 5 жыл бойы заң шығарумен айналысатын депутаттарының аты-жөнін атады. Осы кезге дейін құпия ұсталып келген тізім партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көзінше оқылды. 84 мандатты иеленіп, жалғыз өзі үстемдік ететін билік партиясының атынан Мәжіліске өткендердің 33-і ескі құрамнан. Десек те, жаңа есімдермен толыққан Парламент 60 пайызға жаңарыпты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Енді реформаларды жалғастыруға барлық жағдай жасалды. Тоқтамай жүре береміз әрі қарай. Алдымыздағы мақсаттарды орындауға. Алдағы 5 жылда сенімменен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалды.
Бір қызығы, халық қалаулысы болғысы келген атақты әнші Қайрат Нұртастың арманы орындалмай қалды. Әйгілі боксшылар Генадий Головкин мен Серік Сәпиевте тізімге кірмеген. Есесіне, 26 жастағы қызылордалық, пойыз машинисінің көмекшісі - Геннадий Шиповских «Нұр Отанның» атынан депутат атанып, көпшілікті таңқалдырды. Жас жігіт жеңімпаздар форумында қазақша өлең оқып, партияластарын бір желпінткен еді.
-Елім менің Әз-Наурыздай жаңғырған
Бейбітшілік пен бірліктің жолын салған
Елді сүйген, елі сүйген Елбасым,
Еліміздің болашағын ойлаған.
Нұр Отаннан» кейін 7 орын бұйырған «Ақжол» мен коммунистерді Мәжіліске Азат Перуашев пен сол баяғы Владислав Косарев бастап бармақ. Бүгін партия жиындарының асығыс өткені соншалық, су жаңа депутаттар түс ауа Орталық сайлау комиссиясына ағылды.
-Құтты болсын.
Төменгі палатаға өткен ескі әріптестер бір-бірін құттықтап, арқа-жарқа боп жатыр. Айтпақшы, « Нұр Отанның» атынан Мәжіліске Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан қайта оралды. Еліміздің бас құтқарушысы, Ішкі Істер вице-министрі Владимир Божко да енді заң шығарумен айналыспақ. Бүгін сол ұзын саны 107 халық қалаулысы куәліктерін алып, арнайы төсбелгілерін тақты. Депутат болғандардың арасында әріптесіміз Артур Платонов та бар.
Артур Платонов, Мәжіліс депутаты:
-16 жыл бойы өз хабарымда әлеуметтік мәселелерді көтеріп келемін. Осы адам тағдырымен байланысты түйткілдерді енді тереңірек қаузайтын боламын. Бірақ, телеарнадағы қызметімді де тастайтын ойым жоқ.
Куәліктерін алып төсбелгілерін таққан депутаттар Орталық сайлау комиссиясынан өте көңілді шықты. Сөйтіп, сары автобусқа отырыа, үйлеріне тарқасып жатыр. Енді ертеңнен бастап олардың өмірі күрт өзгереді.
Яғни сары автобустың орнына қымбат қызметтік көлік беріледі. 500 мың жалақыдан бөлек, мына Есілдің сол жағалауындағы атақты «Нұрсая» кешенінен жайлы пәтер де жаңа қожайындарын күтіп тұр. Облыстардан келгендері элиталық үйге көшіп жатыр. Өйткені депутаттар ертеңнен бастап жұмысқа кірісуі тиіс. Ал 6-шы шақырылымның алғашқы сессиясын жұмада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашып бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!