СҚО-дағы топан су жолдарды шайып ауылдармен қатынас үзілді
Солтүстік Қазақстан облысында қызыл су жайлаған Доброжановка, Красная поляна ауылдарының жұрты үйлеріне оралып жатыр. Топан судың деңгейі азаймаса да, дүние-мүлкін ойлаған тұрғындар баспаналарына қайта келіп алған. Осы күндері мектеп оқушылары да сабаққа бара алмай отыр. Ал азық-түлігі таусылған халыққа күніне бір бөлкеден таратылуда. Тасқыннан зардап шеккен ауылдардың тыныс-тіршілігі жайлы Айзат Тұрғынбекқызы әңгімелейді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
05.04.2016
Дображановка ауылына жету үшін бізге 5 шақырымдай су кешіп өтуімізге тура келеді. Ауылға баратын жолды тегіс қызыл су шайып кеткен. Бұл жерге қазір бір де бір техника қатынай алмай жатыр. Аралда қалған ауылдың жағдайын енді бара көреміз.
Сай салаға ағылған су әлі азайған жоқ. Қазір бұл ауылға 3 құтқарушы мен ауыл әкімінен басқа сырттан адам келмеген. Тұрғындар болса өз үйлерінде отыр. Тіпті көрші ауылға апарып тастағандардың өздері қайтып келген.
-Үйімді тастағым келмейді. Қайтып келдім.
Оқушылар да сабаққа бара алмай отыр. Өйткені cу мектепке де кірген. Қаламен байланыс үзілгендіктен, азық-түлік те таусылыпты. Құтқарушылар қайықпен тұрғындарға нан үлестіріп жүр.
Наталья Бабич, Доброжановка ауылының тұрғыны:
- Суда тұрып жатырмыз. От жағып, тым болмаса қабырғалар құламаса деп амалдаған едік. Осы жағдайды алдын ала ескертіп, сақтық шараларын жасағанда мүмкін мұндай болмас еді. Жағдайымыз қиын. Судың кететін түрі жоқ.
Қазір бұл жерде бір де бір техника байқалмайды. Су бұзылған жолдан сыртқа ағып жатқанымен, екінші беттегі егістіктерден ауылдарға қайта құйылуда.
Абай Көңбаев, Красная поляна ауылдық аймағының әкімі:
-Біз су басатынын білдік. Бірақ дәл осындай болады деп күтпедік. Арықтар, жолдар тазартылды. Қазір су кетіп үлгермей жатыр. 1-2 күнде жағдай жақсарады.
Ал күн күрт жылынып, сырттағы омбы қар ерісе, күніміз қараң болады деген жұрт бәрібір баспаналарын тастағылары жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!