Қостанайда ұзақ мерзімге сотталып, пәтерлері тәркіленген шенеуніктердің әйелдері сот залында талып қалды
Қостанайдың бұрынғы билігіне қатысты атышулы іске нүкте қойылды. Бүгін қаланың экс-әкімі Ахметбек Ахметжанов 13 жылға, орынбасары Мақсұт Қалиев 4 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сондай-ақ өңірге белгілі кәсіпкерлер де ұзақ уақыт темір торда отыруы тиіс. Қос шенеунік пен олардың сыбайластары мемлекеттің миллиондарына ауыз салды деп айыпталған болатын.
Автор: Аруна Ортай
11.04.2016
«Алтын көріп, жолдан тайған» әкім осы. Мансабының арқасында миллиондап табыс тапқан Ахметбек Ахметжанов ақыры кінәлі деп танылды.
-Ахметжанов Ахметбектың дүние-мүлкі тәркіленсін.
Былтыр қыркүйекте пара алғаны үшін ұсталып, осы кезге дейін тек үйқамақта болған экс-әкімге судья сот залында кісен салуды бұйырды. Қалталы кәсіпкерлерге тендерлерді оңды-солды таратып жүріп, мемлекетке миллиондаған шығын келтірген Ахметжанов енді жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеуі тиіс. Ал шенеуніктің шашбауын көтеріп келген орынбасары қайта айыбын дер кезінде мойындап ауыр жазадан құтылды. Әкімге пара тасығанын ашық айтқан Мақсұт Қалиевке сот 4 жыл берді. Ахметжановпен ауыз жаласқан кәсіпкерлер болса өз үкімін естігенде, қатты таң қалды.
-Васильев Леониду Николаевич 14 жылға сотталсын.
Құрылыс компанияларының басшыларына Ахметжанов құны 564 миллон теңгенің тендерін белден басып ұтып берген. Әрі есеп-шоттарына заңсыз 67 миллион теңгені аударыпты. Бүгін сот балабақша саламыз деп бюджет қаржысына қарық болған кәсіпкерлердің жер телімдері мен 37 бас жылқысын, тіпті банкте сақтаулы соңғы тиынына дейін қалдырмай тәркіледі. Басындағы баспаналары да өкіметке өткенін естігенде әйелдері сот залында талып қалды.
Сонымен, Қостанайдың үш бірдей беткеұстар кәсіпкері әкімнің артынан абақтыға аттанды. Леонид Васильев – 14 жыл, Сергей Бектібаев – 11 жыл, ал Гагик Овнанян – 10 жылды арқалады. Мұндай қатаң жазаны күтпеген олар артында қалған бала-шағасына «арақ ішіп, темекі шекпеңдер» деп ақыл айтып қана үлгерді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары